Өлең, жыр, ақындар

Сенің даусың

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 687
Жанымды сенен басқа жан ұқпай жүр,
Қабағын қашып кетті танытпай жыр.
Алқынып, ауа жетпей аузымды ашам,
Қайраңға шығып қалған балықтай бір.
Жалынға жан жүрегім жанып көрер,
Жастықты жанарыма алып келер.
Мен сенің шөлдегенде дауысыңды іштім,
Шай да емес, шарап та емес, шабыт берер.
Ақ жүзің бал бұл жанған балғын көңіл,
Алдымнан күтіп алған тағдыр ма едің?
Толқынын сұлу әннің бесік етіп,
Тербеттің, еркелеттің, әлдиледің,
Даусыңды аспандағы ай тыңдаған.
Ай жүзің көрінеді айқын маған.
Жыр қалды көкірегімде жазылмаған,
Сыр қалды көздеріңде айтылмаған.
Жолымды жуып, ақты селді тасқын,
Селіне сезім күйдің мәңгі маспын.
Шөлдеген шағаладай шарқ ұрып бір,
Кеудеңнен көк аспандай кеңдік аштым.
Шабыттан шақпақ болып шағылған шың,
(Сол сәтте сен де мендей сағынғансың)
Өмірге ғашық етіп, төніп келген
Өлімнен алып қалды сенің даусың.
Шығады сенің даусың толқынданып,
(Ұзақ бола түспеді сол түн нағып?)
Желкенді көміп көкшіл көкірегімді
Толқыннан, барады бір толқын қағып...
Кешірші, балапандай кеш түлесем,
Басымнан бір дәуренім көшті десем.
Қаталап шөл далада өлер ме едім,
Мен сенің дауысыңды естімесем...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өтпелі, бір сәтпен дос, өлшемегін

  • 0
  • 0

Өтпелі, бір сәтпен дос, өлшемегін,
Жүрекке жолаушыдай жол шегемін.
Адамның ақшасы емес, ақылына
Апаннан ап шығардай мен сенемін.

Толық

Кезек

  • 0
  • 0

Нені алсаң да, алу керек кезекпен,
Кезек күтпес, уақыт қандай тез өткен?
Енді біреу жолын тауып кезексіз,
Алып жатыр, сөзі өткен, өзі өктем.

Толық

Ерте тұрып, ашық алаң, көшені

  • 0
  • 0

Ерте тұрып, ашық алаң, көшені,
Түскен жапырақ, темекінің қалдығын,
Әдетімен егде кісі кешегі
Сыпырып жүр, түк қалдырмай барлығын.

Толық

Қарап көріңіз