Өлең, жыр, ақындар

Түбір табалдырық

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 327
Осы жермен өткендей бабам жүріп,
Қалай, ішке сезімді қалам бүгіп.
Сол бір үйде мен жиі баратұғын
Түбір ағаш болыпты табалдырық.
Олжа көріп жүргенде әр күнімді,
Жан-жүректі жасындай толқын ұрды.
Толқып тұрдым, ашуға сол есікті,
Қорқып тұрдым, басуға сол түбірді.
Түбір жайлы туған ой арылмады,
Адам түгіл, жеткендей тәңірге әні.
«Бұтақтарым қайда» – деп жер астында
Аза тұтып жатқандай тамырлары.
Жер сілкініп кеткендей дүбірден мың,
Сиынғандай бір күшке күбірлермін.
Қасіретіне қараймын қалай, шыдап,
Жапырақтарын жоқтаған түбірлердің.
Өз көзі жоқ, көретін санатқа еріп,
Сұлуларда өтеді қабақ керіп.
Түбір – ағаш тамырлы табалдырық,
Тірілерге жатқандай сабақ беріп.
Тағдыр жайлы, не айтамын ғұмыр жайлы,
Еңсемді езер жұмыр жер, жұмыр қайғы.
Естігендей жан даусын тамырлардың,
Тұла-бойым түршігіп, шымырлайды.
Баспалдақ ғып түбірді басып өттім,
Басқан ізді жуғандай жасы көктің.
Жауап беріп жатқандай жер құшағы
Қабіріне айналып қасіреттің.
Айтшы маған, уақыттың белестері,
(Кеше ол көктеп, жайқалған емес пе еді)
Табалдырық... табанға, жердің өзі –
Түбір ағаш сияқты елестеді.
Өткен екен бұл жерден бабам жүріп,
Жетелеген бұл жерден баламды үміт.
Ұқсап менде бір күні сол түбірге,
Табандарға болармын табалдырық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қол бұлғайды сынап қарап тау маған

  • 0
  • 0

Қол бұлғайды сынап қарап тау маған,
Таулар, таулар, орындарын даулаған.
Ақсақ Темір бола алмадым, дүниені –
Қылышпенен, ұрыспенен жаулаған...

Толық

Еліктерім

  • 0
  • 0

Ләззат пенен
Ләзизам қос елігім,
Көзден ұшар бір кезде осы өмірің.
Ойнақтап сендер тату ойнасын деп,

Толық

«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам

  • 0
  • 0

«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам,
Мен түгіл кейде, алады жылап күн анам.
Күлгендерге, көз жасымды көрсетпей,
Ішімнен тынып, ғасырлар бойы шыдағам.

Толық

Қарап көріңіз