Өлең, жыр, ақындар

Әсемсің, сәл нәрсеге елеңдесең

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 237
Әсемсің, сәл нәрсеге елеңдесең,
Көріксіз болсаң көзге еленбес ең.
Шебер қол табиғаттың өзі жазған
Ұқсайсың керемет бір өлеңге сен.
Нұрлысың нұр сыйлаған нұрлы таңың,
Сынбаған дауыл ұрып бір бұтағың.
Бір жігіт саған ылғи келген сайын
Сыйлайды сүю жайлы жыр кітабын.
Жандайсың көрер көзге ақылы асқан,
Көркіңе қызығады акын, аспан.
Көңілсіз тастай салдың жыр кітабын,
Бір бетін ашып қолмен, оқымастан.
Тіліңді табу үшін сенің жігіт,
Өзі де оқитын жыр төгілдіріп.
Бір күні кірпігіңді төмен салып:
«Өлеңді түсінбеймін», – дедің күліп...
Ерекше жыр мен гүлге құрмет керек,
Құрметсіз көлеңкеде кім көктемек?
Жырқұмар сол бір жігіт сол сөзіңе
Ішінен көп уақыт жүрді өкпелеп.
– Біз қалай бұған дейін білмегенбіз,
(Боламыз жыр түсінбей кімге негіз?).
Көктемгі үлбіреген қызғалдақтай,
Қыз жаны жаралмай ма жырмен егіз?
Сезімін сүйгеніңнің білсең еді,
Сәулесіз қараңғыда гүл семеді.
Құлпырған өмір гүлі сендей қызды
Дегенге «жыр сүймейді» кім сенеді?
Талпындың орындауға жүрек ісін,
Ықпалын іңкәрлықтың біледі ішің.
Біртіндеп жыр оқитын болдың сен де,
Жырқұмар сол жігіттің тілегі үшін.
Жүректі жырмен емде, сен емдесең,
Өзіңдей өмірге бұл сенем десең.
Алдында паң жігіттің отырасың,
Айналып ақ шағала өлеңге сен...
Нұрлысың, шұғылалы нұрлы таңың,
Ойлайсың, өзіңді емес, құрбы қамын.
Өкпелеп қалатұғын болдың оған,
Тойыңа сыйламаса жыр кітабын...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тыншымаймын сөнбей жүрек шырағым

  • 0
  • 0

Тыншымаймын сөнбей жүрек шырағым,
Тұла бойдан толқып-тасып бір ағын.
Қанша өлең жазсам-дағы, мен әлі
Түк жазбаған сияқты боп тұрамын.

Толық

Таласпаңдар, шуылдап, таласпаңдар

  • 0
  • 0

Таласпаңдар, шуылдап, таласпаңдар,
«Бас-басыңа би болып» бал ашпаңдар.
Кеуделерің тарылып кетсе егерде,
Кеңітетін кең дала, көк аспан бар.

Толық

Сәби-қар

  • 0
  • 0

Қар жауып тұр, қарашы, қар жауып тұр,
Ақ қанатты аспаннан ар жауып тұр.
Көкпен жердің арасы ақпандағы,
Тазалықпен тұрғандай жалғанып бір.

Толық

Қарап көріңіз