Өлең, жыр, ақындар

Даладай даладағы ән кең келеді

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 289
Даладай даладағы ән кең келеді,
Сезімнің қырат-белдер пернелері.
Толқиды іштен шыққан ырғақпенен
Жер-ана — алтын бесік тербеледі.
Жастанып жатыр төбе бір төбені,
(Не деген түз елігі үркек еді?)
Ақша бұлт аспандағы бірге ән салып,
Көзінен жерге қарай нұр төгеді.
Аспан – нұр, қиялға ән, сыр төгеді,
Енесін құлын болып бұлт емеді.
Әлдилеп ән әуені тербеткендей,
Жер деген алып ана – бір кемені.
Оятып Ақан сері, Біржан салды,
Тік тұрып жартас-құз бен шың қарсы алды.
Шашақты бөртпе шәлі жамылған күн
Күлімдеп жігітпенен бірге ән салды.
Сол сәтке дүние тұрды болып ғашық,
Сезімнің қыл пернесін тауып басып.
Құлаған тау басынан сайға қарай
Ақ бұлақ барады енді алып қашып.
Қалқиды ақ шағала бұлт адасқан,
Бұлттарға ілесе алмай үрке қашқан.
Шырқалған кең далада әнші даусын
Шек-шетсіз жұтып жатыр шырқау аспан.
Сұлулық өзді-өзімен сырласады,
Құшағын қайың түнде кімге ашады?
Елітіп әнші жігіт дауысына
Қосылып құстар көктен үн қосады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қайта оралған қазан

  • 0
  • 0

Алыс-жақын, аңдап, бағып аңысын,
Ата жауға қолдан бермей намысын.
Әке менің түзде жортып, түн қатқан,
Қара бала, қара қазан қамы үшін.

Толық

Менің рухым

  • 0
  • 0

Айта алмастан сыртқа сырды ашып көп,
Ой қуамын, дулы ортадан қашып кеп.
Өмір сүрдім, көз жетсе де, қол жетпес
Жұмбақ, алыс биіктерге ғашық боп.

Толық

Қалай ғана сен мені бақытты еттің

  • 0
  • 0

Қалай ғана сен мені бақытты еттің,
Бақытымнан айныдым, татып көп күн.
Жанып тұрған көгімнен бір жұлдыз ең,
Бір жұлдыз ең, көп тұрмай батып кеттің...

Толық

Қарап көріңіз