Өлең, жыр, ақындар

Жыр-байғазы

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 596
(Мұхтар Құл-Мұхаммедке)

Нәсілінен дарыған,
Уызынан жарыған,
Тұмарланған тарланым,
Тай күнінен топ жарып,
Шаң шұбатқан соңынан.
Жалғаз жортқан көкжалым,
Бөріктірген иттерді,
Қора-қопсы қорыған.
Бұлтты бұзған қыраным,
Намыстанса қанатын
Найзағайға жаныған.
Асқар тауды қалқалап,
Ақ бесігін арқалап,
Елің кеше арыған.
Бәрін айтып не қылам,
Жерініп өз қағынан,
Шу асаудай осқырып,
Сипатпаған жалынан,
Тарпаң заман жұртыңды,
Сен арқылы таныған...
Алдаспаным – айбарым,
Алдымдағы байрағым.
Сүт бетінде қаймағым,
Су түбінде қайнарым.
Шың басынан көрініп,
Шыққан күндей жайнадың!
Төгілгенде сол күні,
Қуаныштың мол нұры,
Жүзіп ішіп тұнықтан,
Ағыл-тегіл тойладым.
Азаматсың ерлеген,
Ел намысын бермеген.
Алашымның көзісің,
Азаттыққа шөлдеген.
Мен де бата берейін,
«Көп тілеуі – көл!» деген:
Жолықпасын жолыңда
Кедергі мен көлденең.
Туың қолдан түспесін,
Желбіреген желменен.
Атқа қонсаң атойлап,
Жан қалмасын ермеген.
Әулиелер дем берсін
Құлашыңа сермеген.
Елбасына серік бол,
Кемелдікпен көш бастап,
Кең әлемге төрлеген.
Бәйтерегі асқақтап,
Аспан­ көкке өрлеген.
Бастан кетпей азат күн,
Абызы бол қазақтың,
Көкжиегің кеңейіп,
Жүзге қарай көлбеген.
Ақ таяғың қолыңда,
Ақ шапаның иықта,
Алтынменен зерлеген.
Көкірегің күңіреніп,
Көптің мұңын тербеген,
Бақытына ортақ бол,
Байтақ елдің көрмеген!
Тастамассың дұғаңнан,
Сонда мынау ағаңды,
Өлең деген ошақта,
Қызыл тілмен тұтатып,
Жаққан оты сөнбеген.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қыздар күні

  • 0
  • 0

Бүгін – бүкіл әлемде қыздар күні,
Орындалар тек қана қыз жарлығы.
Қыздар күні – сауықтың қызған күні,
Білінбейді күннің де ызғарлығы.

Толық

Қайырылмас өлім кемесі

  • 0
  • 0

Табытта жатыр ақынның абзал денесі,
Табыт па, сірә, өмірдің ақтық елесі?
Кетеді қазір ғайып боп көзден бұлдырап,
Қаралы табыт – қайырылмас өлім кемесі.

Толық

Көкшетау

  • 0
  • 0

Көкшетау, мөлдіреген көркің қандай,
Қалықтап аспаныңда ән тұнғандай.
Сексен көл сексен тамшы сыйға тартып,
Айдынын көңілімнің толтырғандай.

Толық

Қарап көріңіз