Өлең, жыр, ақындар

Күрең қыз

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 590
Күрең көйлек кигенің үшін сені
Күрең қыз деп соңына түсуші едім.
Құлағыңа шейін бір қызартып ап,
күрең қыз деп күлуші ек біз артынан.
Күлсең де жай — күрең боп кетуші едің,
енді ойласам — ақ екен бетің сенің.
Мектептегі тентектер — бізге еліктеп,
"Күрең апа" деуші еді екі інішегің.
Ұялшақ ең, япырай, момын ең сен,
момындықтан кетістің менімен сен.
Сен — қызарсаң,
Жұрт — күліп,
Әжептәуір
көтеріліп қалушы ед менің еңсем —
қаталдық қой;
Ол ұғым емес бүгін,
Қызды еске алу, әрине, о да ескі ұғым.
Ауыл барған сапарда сұрастырғам:
алып қашты бір жынды деп естідім.
Күрең көйлек — күрең жан екенсің ғой,
Өтті маған күрең түс бекер сіңбей.
Әлдекімді күреңіте, күле күтіп,
Қай жерде отыр екенсің күреңітіп?!
Момындардың көңілі — бос,
жаны да ашаң —
Налымасаң, неғылсын, налымасаң!
Қырсық-ұят баяғы, сор-намысың
жасап берген сол темір тордамысың?
Торға лайық жуастың күйі-шері,
тұтқын болуға әйтеуір тиіс едің —
соны ойласам — ас емес, ми ішемін:
Саған тастап шықты екен торын қай құс?
Күнің сенің не болды, момын байғұс?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сары алқап

  • 0
  • 0

Сыңғырайды самалға алтын дәнді сары алқап,
Сары мұртты егінші сары алтындай сараң, сақ:
Сары тісіне салып тал түстегі дәнді ыстық,
Сары мұрттың астынан жымияды сарғыш қып.

Толық

Күн батқан соң

  • 0
  • 0

... Көгіс тартып тұр безеріп қыр үсті,
қоя аурудан айықпаған баладай.
Кәрі шыңдар бір-біріне суысты,
бір суық леп кезіп жүрді жағалай.

Толық

Талай күзде, көктемде

  • 0
  • 0

Талай күзде, көктемде
көзің болды байпақтай:
Тасып бір тасып кеткенде
құятұғын сай таппай.

Толық

Қарап көріңіз