Өлең, жыр, ақындар

Медеу сайы

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 435
Кең-ау, шіркін, менің ата мекенім,
маған,
саған,
оған да жер жетеді.
Қуырылған жүгерідей аспанда
ақ жұлдыздар ыршып-ыршып кетеді.
...Хақ қолына өтіп кетіп ішім-жем,
қинап жүрді со бір түнгі түсімде ел.
Сирень-бұзау мөңіреді аулақта,
босағада қыңсылады күшік-жел.
Саулы інген-шың бұлақ-сүтін лақтырып,
ағызды-ай бір,
қалды айнала қақ тұрып.
Қыр астында құлын-көңіл кісінеп,
әлдеқайда қасқыр-пиғыл жатты ұлып.
Шақұр-шұқыр тас пен темір қырқысқан:
вулкан атқан екен деймін бір тұстан.
Уысымда бір жапырақ бұлт жатты, —
тиген үлес екен деймін жыртыстан.
Бұлақ таудан қашып шығып — құтылмақ,
тастар үркіп,
жел жүгірді қыпыңдап.
Көктөбелер мүңкіп жүрді,
беткейде
арқан-жолдар жатты үзіліп бытырлап...
Кенет, көзімді ашып алдым.
Жырдың-ақ
есерлігі батты маған,
бұрғылап
қайдағыны шығарады:
сай — тыныш,
тек жылпылдап тасқа тайып жүр бұлақ.
Айыққанда әсерімнен бастапқы
өң мен түсті салыстырып бас қатты.
Бәрі бейжай: тауды бұлтпен бастырып,
төбелерді жолмен буып тастапты.
Тасты көңіл көк бұлақтан көбік ап,
тау баурында бүлінген түк жоғы ұнап.
Ұлы бөгет ар жағында сел жатты
тарқатылған буырыл шаштай қобырап.
Есімде жоқ: әлде күндіз, әлде түн —
қара ойлының біреу жарып алды өтін.
Атып апты біреу қасқыр-пиғылды,
күшік-желге ас құйыпты әлдекім.
Әлдеқайдан тыныштық боп төгілді үн,
жүрегім, тек, лүпіл қақтың — не білдің?
Алатауды айнала ұшып жүрді тек
вертолеті мазасыздау көңілдің...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жарты шыбық

  • 0
  • 0

Тәңірінің нар кезі екен ол кезде,
Әмірінің бар кезі екен ол кезде.
Тек алуға барады екен бәр-бәрі,
Ол кезде де алу екен мына жұрттың арманы.

Толық

Әжеме

  • 0
  • 1

Байғұс әжем, бір жыл болды, бір жол болды – көрмедім,
Көрмедім мен бурыл шашты кәрі қолдың өргенін.
Көрмедім мен сиыр айдап, отқа тезек салғанын,
Көлеңкеге құрып қойған ала жолақ өрмегін.

Толық

Қошалақ құмында

  • 0
  • 0

Кетіп жатты сары дала, кетіп жатты,
сұлы дәнін саршұнақ шекіп жатты.
Мына маңай не дейді-ай: қурай даусы
маңырағаны секілді жетім лақтың.

Толық

Қарап көріңіз