Өлең, жыр, ақындар

Байқотан би асында

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 705
Асыға сапар шегіп әр қиырдан,
Асына келдік баба дәм бұйырған.
Шұбартау, шыр айналған қазығымсың,
Өзіңнен өзегіме нәр құйылған!
Жол тауып Жобалайлар сан қиыннан,
Сен үшін қан төгіліп, жан қиылған.
Шұбартау, шұбар ала тағдырың бар,
Аумаған ұйтқи соққан жел­құйыннан.
Алтайда арғы түбің – қалың керей,
Жөн бе екен жеті атаңды мәлімдемей?
Атақты Ер Жәнібек – алтын туың,
Арыстан от азулы, жалын көмей!
Жалғасып бабалардан қалған ерлік,
Таныттың талай жерде ардагерлік.
Тағдырдың теліміне түстің бірақ,
Көрсетіп сайқал заман саудагерлік.
Жоғалды желмен ұшып дәстүр қанша,
Жұлмалап үйірлі жау қасқырларша.
Арқалап ел қайғысын ерлер өтті,
Кеудесін қара таспен бастырғанша.
Айт десең, мен айтайын соның бәрін,
Көпшілік, бүгін сенің қолыңдамын.
Басыңнан будақ­будақ бұлттар көшкен,
Құдай­ау, неткен жұртсың сорың қалың?!.
Сұғынып келген сұмға сырыңды аштың,
Қырылып, Қытай астың, Қырым қаштың.
Жақсыңды жау оғына байлап беріп,
Алакөз аз ағайын ырылдастың.
Ит ішіп астаудағы ырысыңды,
Көңілдің күні кеше қыры сынды.
Кең қолтық бауырларым, енді несін
Былғайсың боққа шауып қылышыңды?..
Таң атпай күн шығар ма, ай батар ма,
Басқандай өткен өмір тайға таңба.
Рухың сөнбесін тек сыйынған ел,
Жобалай, Шақантайға, Байқотанға!
Мерейі үстем болсын аруақтардың,
Аруақты ел болмаса ардақтар кім?
Құт қонып, босағасын Қызыр шалсын,
Бабаңа бата қылған шаңырақтардың!
Үні өшсін кесір менен кектілердің,
Бақытың – Бостандығың деп білермін.
Атажұрт, топырағыңнан айналайын,
Кіндігі үзілмеген тектілердің!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серпіл, аға!

  • 0
  • 0

Егіліп жылай берме, серпіл, аға,
Жылаумен көздің жасы сарқыла ма?
Ақыны Алатаудай күңіренсе,
Қайыспай қабырғасы ел тұра ма?

Толық

Кінәлай көрме

  • 0
  • 0

Күлімдеп тұрып күндерді қарсы аламын,
Сезбеген болам тағдырдың салқын қабағын.
Арнасы терең, ағыны қатты өзендей,
Ағады тулап, барады зулап заманым.

Толық

Жылжыған су астында сүңгуірдей

  • 0
  • 0

Жылжыған су астында сүңгуірдей,
Жүземін ой түбінде бір кідірмей.
Келемін тылсым дүние құшағында,
Керегім бірде ілініп, бірде ілінбей.

Толық

Қарап көріңіз