Өлең, жыр, ақындар

Ана тілім

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1037
Қыран құстай аспандап ана тілім
Көтерілсе, қауырсын­қанатымын.
Шалатұғын қиырдан не болмаса
Жарқылдаған көзінің болатымын.
Самғау ғана жарасар көк құсына,
Тегеуріні менмін ғой, топшысы да.
Уа, Тәңірім, бар болсаң шыныменен,
Жолатпа оны атылар оқ тұсына.
Жерге түссе қонатын тұғырымын,
Тұғыр болар тамырдың түбірімін.
Не болсам да болайын тілім үшін,
Керегіне жарасам ғұмырының.
Тұлпар болса алысқа арындайтын,
Тынысымын ешқашан тарылмайтын.
Тұяғымын немесе көк темірдей,
Тасқа соқса сынбайтын, жарылмайтын.
Үйлесімін табамын, жарасымын,
Тілімдікі бойдағы бар асылым.
Тұра шапса көк мұзда тайдырмайтын
Табандағы немесе тағасымын.
Түскен кезде тағдырдың егесіне,
Тағасының боламын шегесі де.
Қасиетіңнен, ана тіл, айналайын,
Халқым менің көтерген төбесіне!
Тұлпарым да өзіңсің, қыраным да,
Намысым да өзіңсің, ұраным да!
Көз жұмылып, қараңғы көрге кірсем,
Сенің үнің жатады құлағымда!
Иманым да өзіңсің, құраным да,
Жағылатын басыма шырағым да.
Өлген соң да сен үшін күресемін,
Аруақ болып орнымнан тұрамын да!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айттың рухына

  • 0
  • 0

Уыстап ұстағым кеп қашқан желді,
Ұлың ем кезіп жүрген аспан­жерді.
Жан баба, разы бол, басыңа кеп,
Қалақтай қалдырғанға тастан белгі.

Толық

Ойға батып...

  • 0
  • 0

Білем де тірліктің бір тоқырарын,
Опынып ойға батып отырамын;
Қойылар қандай күйде құлпытасым,
Бұйырар қай қиырдан топырағым?

Толық

Ғұмыр-ғайып

  • 0
  • 0

Биігіңе бұлт жете алмай өкінді,
Асқарыңнан ай төменге секірді –
О, Алатау, көк мұзыңды күн жалар,
Шөлдеп келген қызыл сиыр секілді.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар