Өлең, жыр, ақындар

Аяғыңның астында

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 454
Айналайын, бата берме мұңға құр,
Іздегенің алыста емес, мұнда жүр.
Бақыт деген басы жұмыр пенденің
Маңдайына бұйырады мың да бір.
Бақыт деген – басқа қонар құс дедік,
Тынбай іздеп, ат үстінен түспедік.
Күттік оны кіріп келер қонақтай,
Шыққан күні түнде жақсы түс көріп.
Бақыт өзі қонады деп сәтте бір,
Күте­күте күйбеңдеумен өтті өмір.
Бір жалт етіп жоқ болатын сол бір құс
Әлі күнге жерге түспей, көкте жүр.
Оранғандар үлде менен бүлдеге
Қол созады жұлдызға да, күнге де.
Бақыт деген – қолыңдағы домбыра,
Сол сөйлесін, үндемеші, үндеме!
Мына өмірде сор мен азап таусылмас,
Қайғы толы қара құдық аршылмас.
Бақыт деген – қасыңдағы жас сұлу,
Соны сүй де, махаббаттың мауқын бас.
Қайсыбірін айта берем түгендеп,
Көз қариды құбылғанда мың өрнек.
Бақыт, мүмкін, мініп жүрген тұлпарың,
Шідер салып, шылбыр тағып, жүгендеп.
Түпсіз терең тірлік атты тасқында,
Өз ғұмыры өзіне аян тастың да.
Бақытты сен күте берме аспаннан,
Бақыт, бәлкім, аяғыңның астында...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ассалаумағалейкум, аппақ әлем!

  • 0
  • 0

Қаншама армандарды қудым аңсап,
Тынбастан жүрегімде бұлбұл ән сап.
Баяғы танысымдай сәлемдесіп,
Тағы да тұрмын Жаңа жылды қарсы ап.

Толық

Алдай сал

  • 0
  • 0

Сарсаңға салған сұм жалған,
Болмады дейсің кімге арман?
Күрсінер күзгі жапырақ,
Бүршікті көрсе бүр жарған.

Толық

Алатаумен сырласу

  • 0
  • 0

Ойыма қайдан түсті бұл бір өлең,
Семсердей өзегімді тілгілеген.
Алатау, есіңде ме, тұрыпты ақын
Соңғы рет саған қарап дүрбіменен.

Толық

Қарап көріңіз