Өлең, жыр, ақындар

Ымыртта

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 388
Даланың қымтай орап шырын гүлін,
Жазғы кеш түсіргенде шымылдығын,
Көлеңке күңгірттене қою тартып,
Дүние көз алдымда құбылды мың.
Жүзінен күндізгі рең сырғи қашқан,
Маужырап, ұйқы қысып, мүлгиді аспан.
Сапардан шаршап қайтқан жолаушыдай,
Ақырын түн келеді ілби басқан.
Ауаның ыстық демі сәл суынып,
Келеді қараңғылық қаусырылып.
Төңірек тұңғиыққа бата түсіп,
Көрінбей қарауытты, тау сырылып.
Шегіртке үнін созып әлдеқайдан,
Балқытар баяғы бір жанға жайлы ән.
Жанарың жасырынған әлдекімді
Үңіліп іздегендей бар маңайдан.
Тәтті еді шырыны мол бұл сәт қандай!
Ынтығар жүрек шөлдеп, сусап таңдай.
Самал жел құлағыңа сыбырлайды,
Еске сап өткеніңді мұң шаққандай.
Қоламта кеудеңдегі қоздағандай,
Тұрасың ойға батып, қозғала алмай,
Жер жаңа, аспан жаңа – дүние балғын,
Секілді еш нәрсе де тозбағандай.
Кенеттен қатты серпіп қанатыңды,
Қақ жарып самғардайсың қара түнді.
Бірақ та жете алмайсың ұшығына:
Дүние қашан, қалай жаратылды?..
Дүние – әрі көне, әрі жаңа,
Қарайсың беріге де, арыға да.
Бір ысып, бір суынған бұл сәтіңді
Өзіңнен өзге, сірә, жан ұға ма?!

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әбіштің Шұғамен қоштасуы

  • 0
  • 0

Шұғажан, қош, аман бол оралғанша,
Қапыда кетіп барап, амал қанша?
Алысар арпалысып сүйген жүрек,
Түнекке мәңгі­-бақи қамалғанша.

Толық

Көк дауылдар, қайдасыңдар, бермен кел

  • 0
  • 0

Көк дауылдар, қайдасыңдар, бермен кел,
Тереңдегі толқынымды тербеңдер.
Қалғымасын менің ояу көңілім,
Сілкілеңдер, бір сәт тыным бермеңдер.

Толық

Уа, Дариға

  • 0
  • 0

О, сұлулық, сені іздеумен шөлдегі,
Қаңсып қалды жүрегімнің шөлмегі.
Тілді сорған таңдайымды қайтемін,
Тамшы судан - шөлдегеннің өлмегі.

Толық

Қарап көріңіз