Өлең, жыр, ақындар

Кіндік жыры

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 432
Жұрнағым бар там-тұмдаған,
Тірлігім бар қалтылдаған.
Қылдан нәзік,
Күн нұрындай
Кіндігім бар жалтылдаған.
Алтын кіндік Гүннен қалған,
Запы көрген сұм жалғаннан.
Домбыраның ішегіндей,
Мың үзіліп, мың жалғанған.
Тажал аз ба қырғын күткен,
Қашан қуғын-сүргін біткен?
Ілініп тұр жалғыз жіпке
Таралғандар бір кіндіктен.
Дауыл тұрып құйын-желден,
Дөңгелетіп үйіргенмен,
Кіндік-жібім үзілмейді,
Атажұртқа түйінделген.
Көмілсем де топыраққа,
Айналсам да жапыраққа,
Өмір күйін шертіп тұрам,
Өлмей осы атырапта.
Асыл текті ата кіндік,
Саған талай бата қылдық.
Қайғы деген қарабас құрт
Қабырғамды жатады үңгіп.
Қасіретім – аз болғаным,
Қыршығаным – өз бармағым.
Кіндігіңе ғұмыр берсін,
Тозған елім, азған қаным!..

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көрінгенге жүгіріп...

  • 0
  • 0

Әлдекімнің ауласын сағалаған,
Бұралқысың қоқысты жағалаған.
Жуынды ішсең қоймайсың әдетіңді,
Көрінгенге жүгіріп абалаған.

Толық

Маман-Тұрысбек

  • 0
  • 0

Жетісуда бай өткен Маман деген,
Мектеп ашқан, алысып наданменен.
Байлық деген – білгенге қолдың кірі,
Адам күні – қашанда адамменен.

Толық

Қора толды...

  • 0
  • 0

Қора толды шартық пенен шатаға,
Қыста туған арамзаны атама!
Қотан жұтап – қозы ермеді саулыққа,
Қошқар біткен қырылғандай, о, тоба!

Толық

Қарап көріңіз