Өлең, жыр, ақындар

Көңіл, шіркін...

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1647
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Өтер кім бар ойнадым-күлдім демей?
Кейде мылқау секілді тіл қатпайсың,
Кейде әнші боп кетесің бұлбұл көмей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Күмілжімей кім жүрер, кірбіңдемей?
Күліп тұрса «байлығым» миығынан,
«Кедейлігім» тұнжырап тұрды үндемей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Біреуіне біреуін білдірмегей.
Кедейлік пен байлығың бірдей болса,
Көкірегің тұра ма күмбірлемей?
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Жатыр дейсің кім солмай, кім гүлдемей.
Қысқа ғұмыр қамшының сабы болса,
Нәзік жүрек үзілер бүлдіргедей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Жамандыққа жаныңды ілдірмегей.
Айналады түбінде жоғың барға,
Жоқ екен деп барыңды бүлдірмегей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Айтарыңды ашық айт, міңгірлемей.
Қара шаңның астында қалсаң-дағы,
Жаны таза, жарқыным, жүр кірлемей!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қош келдіңдер, бауырлар!

  • 0
  • 0

Көңілді алаң еткен қозғап көптен,
Шоқ жатыр көкіректе қоздап шөккен.
Бөлініп бозінгеннің ботасындай,
Бауырлар, армысыңдар боздап кеткен!

Толық

Үржарым менің, Үржарым!

  • 0
  • 0

Қадірін, қасиетін білген жанға,
Үржарға жер жетер ме бұл жалғанда?!
Жайнайды, жарқырайды Тарбағатай,
Көктемде гүл-бәйшешек бүр жарғанда.

Толық

Өткердік жастық көктемін

  • 0
  • 0

Өткердік жастық көктемін,
Біз көрген қызық жетерлік.
Арудың жұтып от лебін,
Бокалды басқа көтердік.

Толық

Қарап көріңіз