Өлең, жыр, ақындар

Мен бар жерде сен барсың

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 576
(Төлеуғали Есімжановты еске алу)

Туғаннан соң тірлік ортақ жаманға да, жақсыға да,
Дулы ортада, шулы ортада көптен бері жоқсың, аға.
Бір сапарға аттандың да қайтпай қойдың сол бетіңнен,
Дастарханда қалды суып сені күткен көп сыбаға.
Сені күткен той көп еді, көп еді ғой жиындар да,
Сен жетпеген үміт қалды, арман қалды қиырларда.
Біле алмадық, ту сыртыңнан дұшпан атқан оқ тиді ме,
Арғымағың мертікті ме кезіккенде қиын жарға?
Сен баспаған жолдар қалды, сен аспаған қалды белес,
Бар қызықты тастадың да қас қағымда болың елес.
Тірлік түбі бос екен ғой, жалған деген осы екен ғой,
Дүние көшіп жатса-дағы аспан тозып, жер жүдемес.
Сені күткен қауымың да, ауылың да қалды артыңда,
Шаңырағың, сүйген жарың отыр күтіп сол қалпында.
Мәңгі бақи шешілмейтін бұл фәнидің жұмбағындай,
Оралмайтын құсқа айналып, кеттің ұшып заңғар шыңға.
Сапарыңды жалғадың да таусылмайтын шырғалаңға,
Самғап жүрсің шаршамастан бізге жұмбақ бір ғаламда.
Сенің жаның бұл жақтағы меніменен тілдеседі,
Жәннаттағы – гүл бақтағы бұлбұл сайрап жырлағанда.
Ақын аз ба аласұрып іздегені табылмаған,
Шолақ ғұмыр шолтаңдаса қасіреті қалыңдаған.
Торға түскен тотықұстай бірте-бірте жуасыдым,
Мен де өзіңдей асау едім бұғалыққа бағынбаған.
Сағынышқа дауа таппай сәттерім көп аңтарылған,
Өмірге де көніп алдық сан кеңейіп, сан тарылған.
Көкірегім күңіреніп, көзден жасым бұршақтайды
Қаламыңды көргенімде қазығында қаңтарылған.
Пенде бар ма жарық дүние жаралғалы мың жасаған,
Қашан құлап түскенінше талпынудан тынбас адам.
Тән өлгенмен, шыбын жанның өлмейтіні рас болса,
Мен бар жерде сен де барсың, мұңдас ағам, сырлас ағам!..

1978



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Налыма бекер

  • 0
  • 0

Аймалап шуақ маңдайын өпсе,
Түнерген жартас жадырар.
Тамыры сусап, таңдайы кепсе,
Жапырақ біткен жабығар.

Толық

Талшыбық

  • 0
  • 0

Талпынып бір талшыбық
Сарыарқаның тауында,
Тоңды талай малшынып
Қара нөсер жауынға.

Толық

Үміт көбелегі

  • 0
  • 0

Оралдым ауылға мен жылдар салып,
Қуана құшақ жайып тұр қарсы алып.
Тезірек түседі екен тосын көзге,
Арада өзгергені кім қаншалық.

Толық

Қарап көріңіз