Өлең, жыр, ақындар

Өтеді күндер

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 961
Өтеді күндер, соғады сағат,
Қанатты көңілім таппайды тағат.
Қол бұлғап бізден алыстау кетті,
Балалық шақтың базары тарап.
Қараймын күн сап артыма бір сәт,
Бұрылуға өмір бермейді мұрсат.
Тау менен тасым жаңғырды бұл шақ,
Төбемнен төгіп жаңбырлы бұршақ.
Дәулетім-мүлкім – дидарлы күлкім,
Дәуренім дүркін, өтерсің бір күн.
Құмарың салып, қусаң да талып,
Жез қанат жылдар жеткізбес, шіркін!
Жастықтың туы желбіреп қолда,
Астымда жорға, жорттым ғой жонда.
Түстім де кеттім бір соқпақ жолға,
Үңілдім сонда оң менен солға.
Таныдым көпті, таптым көп досты,
Жақсымен жылдар жолымды қосты.
Тұрамын таңда, шығамын тауға,
Шырынын уақыт алдыма тосты.
Тұрғанда тасып бойымда қайрат,
Жігердің жүзін намысқа қайрап,
Жеріме жаннат айтатын ғайбат
Жауыма қайнап, шегемін айбат.
Өтеді күндер, қаламын қайран,
Өседі гүлдер, саламын сайран.
Жұлқынып тұрған жүйрігім менің,
Қолдан бір шықсаң, табамын қайдан?!

1975



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дыбысыңды естимін

  • 0
  • 0

Досым жоқ деп налыма, дос дегенің баршылық,
Досқа қызмет еткенің – сүйіп тапқан жалшылық.
Қаңсығанда тамыры судан көріп таршылық,
Зар еңіреп жылайды жалғыз - ­жарым талшыбық.

Толық

Жолбарыстың жүніндей

  • 0
  • 0

Қайсы арманның түбіне ғұмыр жеткен,
Артта қалды күндерім дүбірлеткен.
Күреңдеймін, байқасам, көп шабылып,
Қырқа­жонды, бел­белес, күдірді өткен,

Толық

Ән-аманат

  • 0
  • 0

Мелшитіп зеңбіректі, автоматты,
Бip сәтке тоқтатуға атқан оқты,
Тас түнек майдан көгін жарып ұшып,
Келеді көгершін-ән ақ қанатты.

Толық

Қарап көріңіз