Өлең, жыр, ақындар

Қоштасады күндер қолын бұлғаған

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 435
Қоштасады күндер қолын бұлғаған,
Көңілін бір сәт кімдер кейін бұрмаған?
Сенің де, айнам, алма жүзің солыпты-ау
Сонау жылғы маған сонша бұлдаған.
Қоштасады күндер қолын бұлғаған.
Онда сенің бойың толған бұлалық,
Билеуші едің бал бұлақтай бұралып.
Асау тайдай түспеуші едің бұлқынып,
Бозбалалар тастағанда бұғалық.
Онда сенің бойың толған бұлалық.
Онда сенің қара көзің мойылдай,
Айналаңа қараушы едің тойынбай.
Дүниенің татушы едің шәрбатын,
Таңдайың да тәттіліктен ойылмай.
Онда сенің қара көзің мойылдай.
Енді ол күн жоқ, шырқағанмен ән шығын,
Уға айналды ләззат деген бал-шырын.
Сен әуелден ақтарғанмен барыңды,
Өмір саған ақтармапты бар шынын.
Енді ол күн жоқ, шырқағанмен ән шығын.
Көкірегіңде құмыр бұлбұл сайрасын,
Қадірі не арманға ақау салғасын?
Сәулем, маған қарама енді сұқтана,
Бізбен жастық жасап болған саудасын,
Көкірегіңде құмыр бұлбұл сайрасын.
Қоштасады күндер қолын бұлғаған,
Мойнын бір сәт кімдер кейін бұрмаған?
Нұры тамған жүзің қайда, сәулем-ау,
Сонау жылғы маған сонша бұлдаған?
Қоштасады күндер қолын бұлғаған.

1972



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дәурен­-ай!

  • 0
  • 0

Самғаған аспанында сар даланың,
Сағындым бозторғайдың салған әнін, дәурен­ай!
Еркіңе бағынбас,
Асау арман­ай!

Толық

Тарбағатай

  • 0
  • 0

Суың балдай, самал желің саумалдай,
Жапырағың жанға сая болғандай.
Беткейіңе гүлден өрнек салғандай,
Тарбағатай, ғажап едің сен қандай!

Толық

Ауыл кеші

  • 0
  • 0

Кеші қандай ауылды думандатқан,
Төсі қандай даланың жырлап жатқан.
Мамыр, Баян, Қыз Жібек – бәрі осында,
Мың бұралып үкісін бұлғаңдатқан.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер