Өлең, жыр, ақындар

Сырғып қайда барасың, сырлы айларым

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 455
Сырғып қайда барасың, сырлы айларым,
Сырлы айларым –
Сыңсыған сырнайларым.
Мәрмәрларым, менен де кеттіңдер ме,
Мына сандық кеудеме сыймай бәрің?
Сырнайларым сыңсыған –
Сырлы айларым.
Судан тұнық, сүттен ақ мөлдіреген,
Сендер едің өрімдей өндір өлең.
Үндеріңді өгейсіп өтемін-ау,
Тоным тозып, кездерде мен жүдеген.
Тәтті күндер, қоштасып қаласыңдар,
Бал айларым, бұлақтай ағасыңдар.
Бұла қырда ойнаған ор түлкідей,
Бұлаң қағып қай жаққа барасыңдар?
Айдың нұрын толтырып кесемізге,
Айдай ару сүйіп ек кеше біз де.
Ақ тотыдай айларым, шыныменен
Ат кекілін кесісіп кетеміз бе?..
Сырғып қайда барасың, сырлы айларым,
Сырлы айларым –
Сыңсыған сырнайларым.
Мәрмәрларым, менен де кеттіңдер ме,
Мына сандық кеудеме сыймай бәрің?
Сырнайларым сыңсыған –
Сырлы айларым!..

1971



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қуғанмен қанша...

  • 0
  • 0

Дүние – сиқыр бір сағым,
Арбайды көзін қуса кім.
Ындыны кепкен пенденің
Тажал боп жайлар құрсағын.

Толық

Қазақтай ел қайда?

  • 0
  • 0

Көңілі көлдей шалқыған,
Қазақтай ел қайда?
Даласы жусан аңқыған,
Өзіңдей жер қайда,

Толық

Патша сүйген құл – залым

  • 0
  • 0

Ей, жігітім, именбе,
Қанат ұшы күйгенге.
Әділеттің басына
Қиянат кеп сигенге.

Толық

Қарап көріңіз