Өлең, жыр, ақындар

Жалындап шаттық құшамын

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 500
Жалындап шаттық құшамын,
Көңілдің жоқ қой тояры.
Естимін көктен құс әнін,
Желпінтіп жанды жеткен бе
Жазымның жақсы қонағы?!
Қырларда, анау бөктерде
Жауқазын жарып өскен бе?!
Жазылып жердің арқасы,
Ызғары қыстың кеткен бе?!
Даламның мылқау тау-тасы
Ақын боп қазір тұрғандай,
Өзіне лезде тартады,
Жалындап жазған жырлардай.
Тасытып бойда қызуын,
Балқытып барлық буынын,
Қаны ойнап жердің жатқандай,
Бетіне теуіп қызылын.
Сәулесін күннің сіміріп,
Жүрегін жердің суырып,
Бояуын қырдың тапқандай,
Қызғалдақ қыздай тізіліп.
Сылқылдап бұлақ тіл қатып,
Күлкісін қыздың тыңдатып,
Ойнайды тастан секіріп,
Жүректі тайдай тулатып.
Ағады өзен өкіріп,
Жынданып тіпті кетердей.
Ұшады бұлттар жөңкіліп,
Жалғаннан мүлде көшердей.
Төсіне жердің нұр бүркіп,
Не жетсін нөсер төккенге.
Қалам ба ішке сырды іркіп,
Жанымды жұпар өпкенде.
Жерден бе, әлде көктен бе –
Жұтады шабыт от кеуде.
Тұнжырау әсте жоқ менде,
Ғажайып мынау көктемде.

1967



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мінез

  • 0
  • 0

Ашу менен сезімді үрлеп оттай,
Бірде жағам жалпыға, бірде жақпай.
Осқырына қараймын қос бүйірге,
Үйрене алмай дәртеге жүрген аттай.

Толық

Клара жеңгейге арналған жыр

  • 0
  • 0

Жігіттің адал болса асыл жары –
Бақыты маңдайының ашылғаны.
Мінеки, елу жылға жуықтады,
Жарқырап екі жақсы қосылғалы.

Толық

Қоңыр мұң

  • 0
  • 0

Досым-ау,
Келіп кеттің бүгін маған,
Табады аңсағанын түбінде адам.
Үніңді іздедім ғой айналамнан

Толық

Қарап көріңіз