Өлең, жыр, ақындар

Қара шалдардың қайғысын емiп ержеткем

  • 21.09.2021
  • 0
  • 0
  • 273
Қара шалдардың қайғысын емiп ержеткем,
Бозбала дәурен...
жанымды мәңгi тербеткен.
Айсыз түндер-ай,
ақ жаңбырларын селдеткен,
Қара көздер-ай,
әр қиырларда кездескен.
Жоғалтып алып,
iздеймiн бәрiн жер-көктен.
Махаббат түгiл
жылы сөздерге зар болып,
Жүрсем де қазiр сақталдым таза ар болып.
Өлеңге сыйлап кеттiңдер менi,
өздерiң,
Марқасқалар мен нарқасқаларға жар болып.
Бозбала дәурен бұлттардан сенi сұрадым,
Бұрылмасыңды бiлгенде үнсiз жыладым.
Өрекпи жаным төсегiме кеп құладым,
Өзегi өрттей,
менi де естен шығарма,
Соңымда менiң жыр жазып жүрген шырағым.
Қара көздермен
қыдырған сонау көп күндер,
Қас қағым шақта елес боп қана өттiңдер.
Өмiрде қалай,
айтыңдар,
менсiз шаттанып,
Қалайша менсiз мұңайып қайғы шектiңдер.
Жалаңаштанар жапырақтарын тастап тал,
Бiз аман болсақ айбының талай асқақтар.
Сендерсiз қалса мүлгидi шамсыз перрондар,
Сендерсiз кетсе мұңаяр ескi составтар.
Сағынғанымда самал боп желпiп естiңдер,
Барлығын менсiз тағдырларыңмен шештiңдер.
Екi келмесiн бiлмедiңдер ме,
бiлмедiм,
Бес күн жалғанды қалайша менсiз кештiңдер?
Менiң жайым ба қуандым,
күлдiм,
мұңайдым,
Жазғанын көрiп келемiн шебер Құдайдың.
Бес жасар бала секiлдi кейде жылаймын,
Абыз шалдардай, ал кейде бақыт сұраймын.
Арулар үшiн қай жерде қаным қызбады,
Сағыныштардан жүрегiм қақты, сыздады.
Дала жырының соңына салған бiздердi,
Аман жүрiңдер қазақтың қайран қыздары.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үзеңгілес

  • 0
  • 0

Жастық шаққа көрік болған Ғалекем,
Жақсыларға серік болған Ғалекем.
Біздің мынау Ғалекеңдер нар екен,
Қатар шабар үзеңгілес бар екен.

Толық

Қыстау

  • 0
  • 0

Қап-қара түнде қыстауға бардым сенiмен,
Саратов жақтан адасып келген елiк ең.
Көгiлдiр көздiм қазақша әзiл айтқанда,
Қырқада жатқан қарлардай бейне ерiгем.

Толық

Қиялдадым, армандадым, арыдым

  • 0
  • 0

Қиялдадым, армандадым, арыдым,
Қай қиырда жүр екенсiң жарығым.
Түнiменен қараушы едiм мұңайып,
Терезеңнiң сөнбейтұғын жарығын.

Толық

Қарап көріңіз