Өлең, жыр, ақындар

Ана бейітінде

  • 20.09.2021
  • 0
  • 0
  • 641
Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар,
Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар.
Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт,
Жанымда әкем, сосын Садырхан бар.
Ажал кеп ақ кебiнге оранғалы,
Жан анам үйге қайтып оралмады.
Алатау асып кеткен ақын ұлы,
Өзгелердей атақты бола алмады.
Бола алмады болам деп талпынғанмен,
Қоғамға қарай бiлдi салқын қанмен.
Ғасырмен бiрге келген жұмысы аз,
Ұлтқа қатысы жоқ жарқылдармен.
Өкпелеп табансыздау ағасына,
Iнiсiне жармасқан жағасына.
Күндiз естен шықпайтын, түнде түстен,
Келiп тұр анасының моласына.
Бiр кезде шулап жатқан ормандай ем,
Орманға өзiң пана қорғандай ең.
Сырт көзге көрiнсем де бақытты боп,
Мен сорлы о бастан-ақ сормаңдай ем.
Түсiме ендiң сәтте сан жылаған,
Тағдыр деп мұңын шақты жаңбыр оған.
Бiлем ғой, бiрақ мына сағыныштан,
Қайтемiн жүрегiмдi қан жылаған.
Қараша үй ашылмаған түңдiгiм-ай,
Ұрлаған жылды жыл-ай, күндi күн-ай.
Құран оқып болған соң күйбең қаққан,
Жайымды сездi-ау әкей, мұңлығым-ай.
Жел тұрса жапырақтай орманда ойнар,
Ойсызға жердiң бетi толған тойлар.
Ананың аманатын естiмеген,
Аз ба екен арамызда сормаңдайлар.
Ей, бейбақ, аруақты еске ал,
жет басына,
Өмiрде өтер-кетер көп тасыма.
«Жан апа ана болса сендей болсын»,
Сөзiм бұл ойып жазған көктасына!
Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар,
Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар.
Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт,
Жанымда әкем, сосын Садырхан бар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Махаббатқа куә болған

  • 0
  • 0

Махаббатқа куә болған
дала-ау бұл,
Бәрi орнында анау өзен,
анау қыр.

Толық

Ей, алдамшы дүние

  • 0
  • 0

Ей, алдамшы дүние, жағаласқан,арбасқан,
Әлi есiмде аяулы, аппақ сезiм, алғашқы ән.
Нарық мерген соңымда садағына жармасқан,
Құтылмадым бүгiнгi қамытынан тiрлiктiң,

Толық

Ғашық еткен

  • 0
  • 0

Ғашық еткен,
ақын еткен елiк ең,
Қайда барсам
ерке елесiң менiмен.

Толық

Қарап көріңіз