Өлең, жыр, ақындар

Жүсіпбек

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 253
Қара халық құшағында ержеткен,
Қара сөздің ақ бесігін тербеткен.
Арпалысып,
һәм қарысып өтіпті,
Түзеймін деп замананы кер кеткен.
Билігі жоқ,
Қалам ғана қолында,
Атой салған әділдіктің жолында.
Аз ғұмыры (әттеген-ай!) өтіпті
Аттың жалы,
Атан түйе қомында!
Керілген қас,
Кере қарыс маңдайы,
Кеудесінде бүкіл елдің мән-жайы.
Оқушының жазған сөзін оқыған
Қайта-қайта қағылыпты таңдайы.
Қалың елі ұрынғанда аштыққа,
Шыр қағыпты басы тимей жастыққа.
Жан адамға жазығы жоқ қазақты
Қандай адам қиған екен қастыққа!
Мейлі біреу тарлан десін, тай десін,
Бір өзіңе қандай адам сай келсін!
«Мұхтар мұқап қалмасын» деп беріпті
Өзі оқып, алып тұрған бәйгесін.
Кім қашады табиғаттың заңынан,
Өнер артық жеке бастың қамынан.
О бастан-ақ туа біткен таланттар
Бірін-бірі салған жерден таныған.
Қайран Жүке!
Қара сөздің жорғасы.
Қаламынан құйылғандай қорғасын.
Толмай қойды-ау сендей жанды алса да
Ажал деген қайыршының дорбасы!
Өмір өзі (тұрмаса да көк тіреп)
Дәл осындай адамдармен тәттірек.
...Жүсекеңнің көзіндей боп әр үйде
Түстеніп жүр «Қартқожа» мен «Ақбілек».



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ертіс жағасындағы қала

  • 0
  • 0

Қадірін, қасиетін ұққан жастан,
Әр сөзі тіліп түсер мықты алмастан.
Армысың, аялы ел, саялы жер,
Бір кезде Абай басқан, Мұхтар басқан.

Толық

Жалғыз ауыз сөз

  • 0
  • 0

Бәрін бірдей көру мүмкін көзбенен,
Бәрін бірдей сезеді ғой өз денең.
Бар әлемнің жүрегінің тынысын
Айтып берсем жалғыз ауыз сөзбенен.

Толық

Жезге ұқсайды сары ала таңы, сірә...

  • 0
  • 0

Жезге ұқсайды сары ала таңы, сірә...
Жезге ұқсайды қынай бел, қамысы да.
Мынау дала мың мәрте ырза шығар
Қасиетті перзенті – Қанышына.

Толық

Қарап көріңіз