Өлең, жыр, ақындар

Жер шоқтығы – Көкшетау

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 780
Көкшетауым,
Кексе тауым, жас тауым.
Мен боламын сенің мөлдір бастауың.
Әніңменен,
Сәніңменен құрғаттың
Жасқа толған жанарымның «астауын».
Біржан келіп Бурабайға тамсанған,
Ақан келіп аңыратып ән салған.
Аққулатып, Гаккулатып Ыбырай
Үкі тағып, екеуінен енші алған.
Еріп барып Ілияс пен Бейімбет,
Сейфуллиннің жүрген жері сейілдеп.
Топ-топ болып,
Жұбын жазбай баратын
Саған ылғи ықылас көп, пейіл көп.
Өзің шығар сыңарым да,
Егізім.
Нәсіл шығар, асыл шығар негізің.
Әттең, дүние!..
Әзер іздеп табармын
Әнге айналған сексен көлдің сегізін.
Сегіз көл ме,
Сексен көл ме,
Сен барсың!
Бағалаған халық сынын, ел нарқын.
Бұл өмірге кім келмеді, кім кетіп,
Ал, сен болсаң –
Бәз-баяғы сол қалпың.
Көркің сенің кей сылқымнан көп артық,
Көрген жоқпын жүрегімнен жоғалтып.
Бір балаңмын,
Жылдар салып араға,
Келіп тұрған қара шашын ағартып.
Сәулең болса жүрегіме себерсің,
Көңілім де өзіңдей боп көгерсін.
Жасыл қалпын сақтап қалған мәңгілік
Уа, табиғат, сен не деген шеберсің!
Көкшетауым,
Кексе тауым, жас тауым,
Мен боламын сенің мөлдір бастауың.
Шырпыдайын жалғыз талын шыршаңның
Сындырған жан –
Бітіспейтін қас жауым!
Көкшетауым,
Көңіл, күйім, көз нұрым.
Жоғалтпаған сыр-сипатын, сөз құнын.
Омырауыңа алқа қылып тағатын
Осы менің өз махаббат,
Өз жырым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таулар

  • 0
  • 0

Секілді осы арада
Барлық тау, барлық орман.
Астау көл, асау арна
Асқан жер Талдықорған.

Толық

Шаршадым талай – шарпылдым

  • 0
  • 0

Шаршадым талай – шарпылдым,
Аңсадым талай – шарқ ұрдым.
Тасыдым талай – сарқылдым,
Жасыдым, мұңға шарпылдым.

Толық

Мен қалай «шала қазақ» атандым?

  • 0
  • 0

Бейбіт елде болмаса да қатал күн,
Бейқам жүріп «шала қазақ» атандым.
Арғы тегін анық білмей атамның,
Ар-намыссыз «шала қазақ» атандым.

Толық

Қарап көріңіз