Өлең, жыр, ақындар

Батыраштың балтасы

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 605
Құлагердей, дүние-ай, ат қалмады,
Соны ойлаудан сабыр мен дәт қалмады.
Әлі күнге жатқандай толастамай,
Арғымақтың арқырап аққан қаны.
Шырмауына шомылып дүлей ойдың,
(Орынсызын ол ойдың біле қойдым).
Қанша бәйге болса да,
Қанша дода,
Құлагердің тағдырын тілемеймін.
Сорлатты ғой салды да,
Серіні де,
Ең даланың үркеді елігі де...
Содан кейін...
Көрдім бе қасастықты,
Құлагердің ұқсаған өліміне.
Суық ойға сұқтандым қайдан тағы,
Жылу іздеп жүргенде айдан-дағы.
Музейлерде сақтар ем мұздай қылып
Құлагерді құлатқан айбалтаны.
Көктемдегі көрсоқыр сең күшіндей,
Кеткендер бар кеуделеп елді сүймей.
Батыраштың балтасы тұрар еді,
Қастандықтың қап-қара белгісіндей.
Кейде талас болады биліктерге,
Сонда біреу көлденең киліккенде,
Көз алдыма келеді бір Батыраш,
Құлагердей көз тіккен жүйріктерге.
Бәз біреуді жолынан қақпалаған
Болсаң егер,
Сен кінә тақпа маған!
Менен келіп бір сыйлық алар еді
Батыраштың балтасын тапқан адам!
Сақтандырар бүліктен сол балтаны,
Сақтар едім сүліктей сол балтаны.
Апарып қояр едім темір торға,
Шығарып алмас үшін қолдан тағы...
Солай...
Солай айрылдық асылдардан,
Келе жатқан бәле бұл ғасырлардан.
Қарақшының қолына түскен балта
Құлагердің ақыры басын жарған.
Енді қалай өшеді көңіл дағы,
Емі болар ел барда оның-дағы.
Көріп тұрып сабама түскендеймін
Шаруақордың балтасын қолындағы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бейімбет

  • 0
  • 0

Көрінеді ылғи маған Би-ағаң
Бауырымдай бірге туған ұядан.
Тағдырына таразылық жасасам,
Тарихымның алдында мен ұялам.

Толық

Барасың ба болып кекті, Семейім?

  • 0
  • 0

Барасың ба болып кекті, Семейім?
Шер-шеменге толып кетті көмейің.
Әкем едің – асылайын мойныңа,
Шешем едің – емшегіңді емейін.

Толық

Байқа, досым, менен еш түңілме сен

  • 0
  • 0

Байқа, досым, менен еш түңілме сен,
Ұрынбайсың, жаныма үңілмесең.
Ессіз-түссіз бір қызға ғашық болып,
Түні бойы көзіңді бір ілмесең.

Толық

Қарап көріңіз