Өлең, жыр, ақындар

Соғар қайтып...

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 270
Таласпаймын тұру үшін жоғары,
Табылмай жүр көңілімнің жоғы әлі.
Мен өмірде өзгелерге не істесем,
Бәрі өзіме қайта айналып соғады...
Оралмай түк зарықтырған ақ күйім,
Айдынынан адасқан жыр-аққуым.
Соғар қайтып бастан кешкен кешегі
Арман-мұңым, өкінішім, шаттығым.
Жыламадым таяқ жеп тас тағдырдан,
Жан-жүрекпен өмір түлеп жаңғырған.
Толғанысым толқынындай теңіздің
Жамырап бір шығады екен алдымнан.
Тіршіліктің тірлікте ме бар мәні,
Адамзаттың таусылмас ой-арманы.
Аңдып тұрып шығады екен алдыңнан
Жамандық та, жаксылық та – бәр-бәрі...
Дәуірлеп тұр баз біреулер бар бағы,
Қатар қойып қыран менен қарғаны.
Аясына бәрін түгел сыйғызып,
Өмір-өзен ағып жатыр арналы.
Билеп алып көңіл көгін ерке мұң,
Жан сырымды өлең етіп шертемін.
Кешегіме шешім айтып бүгінім,
Бүгініме берер баға ертеңім.
Бәрі өзімнен, көрем нені тағдырдан,
Көңілімді күнбағар дос қалдырған.
Мен өзгеге нені істесем, айналып,
Бәрі-бәрі шығады екен алдымнан...
Түндігімді түсірмеген жау қағып,
Кең даланы тұрғандай бір тау бағып.
Сараң тағдыр біреулердің бақытын
Біреулерге беретіндей аударып...
Албырт сезім айрылып бар төзімнен,
Кезім, кешір, қалғып кейде көз ілген.
Не болса да кінәламай өзгені,
Бәрін-бәрін іздеймін мен өзімнен.
Қолдарыма қонбай кетті бақ талай,
Тоқта десем қайрылып бір тоқтамай.
Сұрары көп тұрағы жоқ өмірден
Өтіп барам ел үмітін ақтамай...
Елегізіп көк белдерге қыз көңіл,
Қызықтайды аққу жырдың тізбегін.
Шам алып бір өшіп қалған жолдағы
Іздерімді кеп тұрады іздегім.
Ел көзінде сайрап жатыр әр ізім,
Таусылмайтын арман-тілек, арызым.
Өмірдегі адамдардың өткізген
Өтіп барам қайтара алмай қарызын.
Өз жүрегім өзіме жүр күш бермей,
Дегеніме қиял атты құс көнбей.
Жеңіл күліп жүре алмаймын өмірдің
Бар салмағы маған келіп түскендей...
Әрбір күннің қас-қабағын бағам деп,
Таудан да ауыр түседі жүк маған кеп.
Жартасты ұрып жатқан теңіз секілді
Өмір күйі жан-жүректі соғар кеп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұнат мейлің, қара маған ұнатпай

  • 0
  • 0

Ұнат мейлің, қара маған ұнатпай,
Ұстатпай жүр уақыт сусып сынаптай.
Құлар жерде саған деген бір сезім
Сүйеп келді мені жерге құлатпай...

Толық

Қайтемін бақыт сұрап бақыттыдан

  • 0
  • 0

Қайтемін бақыт сұрап бақыттыдан,
Барлығын бүріп түсер уақыт қыран.
Жанымды қамшылап бір қарыздарым,
Шошынып төсегімнен атып тұрам.

Толық

Қарғып бастан, барады өмір арғымақ

  • 0
  • 0

Қарғып бастан, барады өмір арғымақ,
Әр әуенге билеп ағар әр бұлақ.
Аққан судай көз жасыма үгіліп,
Ішімде бар жататындай жар құлап.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар