Өлең, жыр, ақындар

Мен кетермін, соңымда бәрі қалар

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 530
Мен кетермін, соңымда бәрі қалар,
Сөз кезегін тағы бір дарын алар.
Шыңырауға түскен бір жарықтай боп,
Тау аңғарын тас бұлақ жарып ағар.
Жауым қалар көрсеткен жамандығын,
Досым қалар дәлелдеп адалдығын.
Ақырғы рет аңырап қош-қош айтып,
Қалар жерім, дүние, қалар Күнім.
Күн нұрынан алаулап жүзім жанар,
Құлағыма жеткендей ызың-хабар.
Жер бетінде ешқашан қайталанбас
Өкінішім, арманым, ізім қалар...
Дүниені сыйғызып жанарға бар
Жанарыма жабылған балам қарар.
Соққан желі тау жаққа шығарып сап,
Солғандай боп бір гүлі далам қалар.
Тіршілігі тәуелді ғылымға бар
Мынау өмір бұдан да сұлуланар.
Сағыныштан сыбызғы тартып ұшқан
Қанатында аққудың сырым қалар.
Тыныштықты жеткенде тіліп хабар,
Ата таулар мойынын бұрып қарар.
Құстай ұшып аспанға мен кеткенде,
Ауыл иті артымнан үріп қалар...
Жарық дүние, тіршілік – қалар бәрі,
Дөңгелек жер тамшыдай жанардағы.
Шақыратын сияқты өмірімнің
Ақ таңдардан ашылып жаңа арманы.
Келеді екен мәңгілік әр күнімен,
(Сөйлеседі адамдар ар тілімен).
Сапар шегем бақытты ету үшін
Өмірімді өлімім арқылы мен...
Құс жүрегім көне алмай қысымға бар,
Ұшуға бар, ұшқаным түсім болар.
Оралған төрт өмірдің мезгіліндей
Күзім қалар, көктем, жаз, кысым қалар.
Қара тасты тақтырып тұныққа бар,
Шырмауықтар шалғайдан іліп қалар.
Көрсетпестен көз жасын ішке жұтып
Ата Алатау тұлғасын бұлтқа орар.
Мен кетермін есімім ұмыт болар,
Сезімдерді сабақтап үмітке бар.
Жер бетінде ештеңе болмағандай
Аспанымда жұлдыздар күліп қалар.
Ұнау үшін билікті «ұлыққа» бар,
Сұлу қыздай дүние қылықтанар.
Қалыпты бір жаңылып жүрісінен,
Сағат-жүрек кеудемде тұрып қалар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көзге елестеп жұмбақ өмір алдағы

  • 0
  • 0

Көзге елестеп жұмбақ өмір алдағы,
Әнім менің кешке ұласты таңдағы.
Кейде ауыр күрсінемін, иығыма –
Түскендей боп аспан мен жер салмағы.

Толық

Ойлар мені мазалайды күні-түн

  • 0
  • 0

Ойлар мені мазалайды күні-түн,
Үнсіз дүние, күтетіндей бір үкім.
Тас-түнекте қайтіп өмір сүрер ем,
Сөнсе көктен, сөнген жұлдыз үмітім.

Толық

Уақыт шайпау кейде шын

  • 0
  • 0

Уақыт шайпау кейде шын,
Кетпейтін сенен өш алмай.
Бақыттың кисең жейдесін,
Сасасың тағы шеше алмай...

Толық

Қарап көріңіз