Өлең, жыр, ақындар

Қылышты адам

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 264
Тағдырымен елімнің туыс далам,
Қабатында ғасырдың тыныстаған,
Түртіп қалсаң әр сайдан, әр төбеден
Түрегеліп кетердей қылышты адам.
Еңіреген елімнің ері ме еді,
(Тілсіз мылқау мұнартқан төңірегі).
Ел шетінде жау жолын күтіп жатып,
Қалғып кеткен сияқты көрінеді.
Төбелермен төбе боп тыныстаған,
Жылдар жазып арқасын құрыстаған,
Қылышты адам жатқандай туған жердің
Топырағын бір уыс уыстаған...
Өмір сырын өмірден оқып өткен,
Суғарылған жүректің оты кепкен,
Жер қойнында белгісіз батыр жатыр
Көкірегін уақытқа көпір еткен.
Жан емеспін өзіне өзі ғашық,
Сауыт кимей шығады сезім ашық.
Түртіп қалсаң жерімді, қылышты ерлер
Ұран салып шабардай көзін ашып.
Құлады ма жауымен күресіп бір,
Көздеріне құм толған, нұры өшіп бір.
Замандардан қан қатып, тот басқан көп
Алмас қылыш жүзінде гүл өсіп тұр...
Көк аспанды жаңғыртып арман әні,
Арман әні ұрпаққа жалғанады.
Қылышты адам, елестер қылышпенен
Қорғап қалған бабамдай кең даланы...
Солай, балам. Несіне таңданасың,
Енді жердің иесі сен боласың.
Сенің бабаң өлсе де, кеудесімен
Қорғап жатқан сияқты кең даласын.
Қылышына қалыпты үлгіріп бір,
(Деме бүгін төбемде күн күліп тұр).
Жер-аспанға қашан да бабам менің
Сақтық керек екенін білдіріп тұр!..
Тыныштық ап, ғасырлар тыныстаған,
Бабам болып жата бер, тыныш далам.
Жау тиді деп, әйтпесе ұйқыдағы
Түрегеліп кетердей қылышты адам.
Өз-өзімнен қалтырап, қуыстанам,
Тұрған кезде шақырып пүліш далам.
Мені қорғап жатқандай көрінеді,
Кең далаға айналып қылышты адам.
Ақ бесігін тербеткен тыныш далам,
Тыныштықпен мәңгілік тыныстаған.
Қылышты адам үстіне өскен гүлді
Келе жатыр ұрпағым уыстаған.
Қара жерді қарашы күн ыстаған,
Мәңгіліктің қойнында тыныстаған.
Баба-дала үстінде келеді ұлым,
Қылыш емес, қолына гүл ұстаған!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айтудан ашық арланам

  • 0
  • 0

Айтудан ашық арланам,
Көзіме менің жас толды.
Жанымды мәңгі арбаған,
Маржан дегенім тас болды...

Толық

Япыр-ау, сабыр қайда, мазам қайда?

  • 0
  • 0

Япыр-ау, сабыр қайда, мазам қайда?
Қаптап тұр көз алдымда тозаң майда.
Тордағы торғайға ұқсап бұлқынумен,
Қанатын қыран көңіл жаза алмай ма?

Толық

Көргендеймін... мен сені көрмей жүріп

  • 0
  • 0

Көргендеймін... мен сені көрмей жүріп,
Гүлден нәзік жанымды тербейді үміт.
Ақ сәулеге айналып, алау нұрға,
Тереземнен кіресің таң алдында...

Толық

Қарап көріңіз