Өлең, жыр, ақындар

Кетті бірге

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 198
Жолға аттандың тайпалтып сал күреңмен,
Лажсыз мендей орнында қалды бөлмең.
Қайта айланып білсем де келмесіңді,
Жақынырақ жаныма болды бөлмең.

Бөлме алдында қайыңға құс келеді,
Көктем сайын құбылған түске енеді.
Қайта айланып алдына бара берем,
Кіргізбесін білсем де ішке мені.

Ащы күнмен шаң толған кенезесі,
Сүртілмеді бөлмеңнің терезесі.
Жауған сайын айғыздап кететұғын,
Қозып талай жаңбырдың делебесі.

Кісі жайын жанашыр кісі білмек,
Жасар едім аялап күтімін көп.
Кілті бірақ менде емес сол бөлменің,
Қожайындық жасауға құқығым жоқ.

Күнді қайтем аялдап тоқтамаған,
Сені қайтем сезімді ноқталаған.
Терезеңе қараймын бір кездер,
Ойға батып сыртына көп қараған.

Біз де аттандық соңынан іркілмедік,
Сыр сандыққа жасырып бір күнделік.
Сыныпты әйнек қарап ем ақырғы рет,
Кетті бірге жүрегім тілкімделіп…



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ерке өлең

  • 0
  • 0

Несіне жанбас кезде өртенемін?
Бейнетпен ақ қағазға тер төгемін?
Сен үшін ғұмыр кештім қақ бөлініп,
Басыма шығып кеткен ерке өлеңім!

Толық

Жыр оқыдым

  • 0
  • 0

Сұрама қандай халде болғанымды,
Бір ысып, сездім бірде тоңғанымды.
Төмен қарап алдыңда жыр оқыдым,
Діріл басып кетіпті қолдарымды.

Толық

Толқын

  • 0
  • 0

Өзге түгіл өз өзімнен қашам деп,
Ұйқылы-ояу жүргенімде масаң боп,
Мұң тозаңын айнасындағы көңілдің,
Кірпігіңмен сүртіп кеттің қашан кеп?

Толық

Қарап көріңіз