Өлең, жыр, ақындар

Өлең тау

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 312
(Әйгілі айтыс ақыны Құрманбек Зейтінғазыұлына)

«Алтын салған ішіне абдырадай,
Алтай деген атыңнан айналайын.
Құрманбек»

Көп жоғалтқан жақсысын халықпыз деп,
Келместердің соңынан салыпты із деп.
Қайрат ақын бір күні кемсеңдеді,
Құрағаңнан айырылып қалыппыз деп.

Ақын аға сөз айтпа ондай бөтен,
Жыладыңыз несіне болмай бекем?
Екі сөздің бірі өтірік мына өмірде,
Өлім жайлы кейде өтірік болмай ма екен?

Ресейдің мұз жарғыш кемесіндей,
Көрінуші ед айтыстың егесіндей.
Алтай жаққа аяғым жүрмей қойды,
Бармай қойсам тіріліп келетіндей.

Баурап алып жымиған күлкісімен,
Сөздің кенін қопарған қыртысымен.
Құрағамның айтысы басталғанда,
Қозғалмайтын бір пенде жұрт ішінен.

Ұрпағына таратқан өлең үлгі,
Одан асқан таппас жұрт шеберіңді,
Өз қолымен тұрғызған өлең-тауды,
Тастап кетер ақынға не көрінді?

Атақ даңқым бар ед деп безермеген,
Қолқа салып біреуге кезенбеген.
Жалғыз ғана ақынды білуші едім,
Жолбарыстай жарасын өзі емдеген.

Зәредей қиянаты жоқ біреуде,
Жылытқан жүректерді отты кеуде.
Қоңырайған қазақтың қоңыр шалын,
Дәтім бармас өмірден өтті деуге.

Ерте жанын күйдірген жыр аптабы,
Қыздарының бірі едім жырақтағы.
Күте-күте бір сөзді тірі деген,
Жыл толыпты өзімді жұбатқалы.

Ас бергелі жатыр дейд мына халық,
Бұдан ары төзуге шыдамадық.
Қос Шіңгілдің толқыны бүктетіліп,
Жатыр ма екен ерке Ертіс жылап ағып.

Өлең тау жоқ.
Сенделіп қаңғырамын,
Айтыстағы жартысы ең бар мұраның.
Алтыны жоқ ішінде өзі жатыр,
Алтын салған ішіне абдыраның.

Таулар ед түсініскен тас кезінен,
Қартайған бірге айтысып жас кезінен.
Жамалқан апайымның қасіретін,
Кім түсіне алады басқа өзінен?!

Жарқ етіп, көз біткенді қарықтырып,
Жұлдыздай ағып түстің жанып тұрып.
Жыл толғанда көз жасқа ерік беріп,
Жырдан дұға оқыдым налып тұрып…



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жабық жүрек

  • 0
  • 0

Жүрегімнің қақпасы жабылғаны,
Шығар бәлкім өкпенің қабынғаны.
Қатып қалған бір тамшы жастай болып,
Ауыртады кеудемді тастай болып.

Толық

Ішкі жалын

  • 0
  • 0

Мұңын, сырын, жан сезімін ақтарған,
Ақындарда арман бар ма жақ талған.
Өкпем менен бауырымды аяймын,
Ішімдегі жанған оққа қақталған.

Толық

Кеттім ақыр

  • 0
  • 0

Кеттім ақыр қош енді өскен қала,
Саған қарай жүгірмен өкпемді ала.
Ештеңе де алмаймын енді сеннен,
Қалғаны есте ұмтылмас сәттер ғана.

Толық

Қарап көріңіз