Өлең, жыр, ақындар

Азатпен қоштасу

  • 03.09.2021
  • 0
  • 0
  • 402
Соңымнан ерген сыңарым,
соңыңда қалып жыладым.
Сарқырап ағар шағында
сарқылып қалған бұлағым.
Арман да арман, арман-ай,
арманда жаным қалғаны-ай.
Армандай сұлу шақта да
алады-ау ажал талғамай.
Айналайын, жан інім,
санамда қалды сағымың,
толысқан әбден шағыңда
таусылып қалды-ау жарығың.
Неліктен кеттің... неліктен...
қарт емес едің деміккен.
Жарқырап мынау дүниеге
өкінту үшін келіп пе ең...?
Өртенді-ау жасыл орманым,
бүлінді-ау берік қорғаным.
Армандай сұлу шағыңда ,
таусылып қалды-ау жолдарың,
Қанатың әлде талды ма,
үмітің отқа жанды ма.
Қу тірлік қинай берген соң,
шақырып әкем алды ма...
Көңілің уәйім терді ме,
түсті ме санаң кергіге.
Қор етпей сұлу тұлғаңды
жас болып қалғың келді ме.
Жалғыз қап жапа шектің бе
жүрекке улар септің бе.
Опасыз екен өмір деп,
түңіліп содан кеттің бе...
Айналайын бауырым,
қайғының көрдік ауырын.
Құрбаны болдың, әлде, сен
тірліктің бітпес дауына...
Дүниеден мынау кетерде
татқаның у ма, шекер ме.
Өкпелеуші едім тірлікте,
өкпелеппін ғой бекерге.
Мән бермей ұлы ұғымға,
іс болмай шаттық, мұңыңда
Сүйеміз деппіз ойланбай,
Білмейміз соны, шынында.
Кеңітті-ау ойлар етегін,
түбіне қалай жетемін.
Ұқпаппыз, бала, бауырды
сүюдің қандай екенін.
Атаның жоқ деп салтында,
деппіз ғой: «Ұшпа! Талпынба!» —
қабылдай алмай ceні біз
жаралған сол бір қалпыңда.
Деп ойлап судай тұнықпыз,
ұғуға жанды құлықсыз
өзімшіл ылғи пенделер
өрекпіп қарсы тұрыппыз.
Дүниеде сенің барыңды
аз көріп, бейіл тарылды.
Жүрмедің айтқан жолмен деп,
ауырттық қанша жаныңды...
Адамды ұқпау — тағылық,
ұқпаудан өлген сан үміт.
Ұқтыра алмай наладан
кетті ме жүрек жарылып...
Күдерді үздік, үзбедік,
қалмаған сынды бізге ерік.
Пәтуәсіз құйын-көңілге
жұбаныш енді іздедік.
Мақсатқа жеткен там-тұм-ақ.
мәңгілік кімге бар тұрақ.
Жас өттің жарық дүниеден,
бірақ та өттің жарқырап.
Алдында болып құрбыңның,
бақшасын көрдің бұлбұлдың.
Тәттісін таттың тірліктің,
шырыны дерлік мың гүлдің.
Адамның ұрпақ сәні шын,
ғұмырың үлкен табысың...
көз тартар көркем ұл-қызың —
Жазира, Дархан, Арысың,
Соларда қалар дулы әнің,
қорғаны болар туғаның —
әкеңнің қалған орнында
қос інің — Еділ, Думаның.
Кеткенде дүние дөңгелеп,
«Шырағы жаққан сөнбе!» —
деп, соларға құшақ жаярмыз,
көңілге енді сол медет...

1995 жылдың 22 наурызы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түс

  • 0
  • 0

Сұлулықтан келбеті сыр ұқтырған,
жап-жасыл бақ жемісі тұнып тұрған.
Жаз самалы тербейді жапырақты,
күй сұрашы дегендей қылыштымнан...

Толық

Жазира

  • 0
  • 0

Алдыңда өмірдің жолдары,
сан қызық өзіне тартады.
Тағдырдың тізгінін қолдағы
Жебесін тілектің дарханы.

Толық

Сезімді тот басады

  • 0
  • 0

Сезімді тот басады... тот басады...
болады оның да, жас, қатпа шағы...
Оның да жұлдыздары жанып кейде
басынан күні өтіп, бақ қашады.

Толық

Қарап көріңіз