Өлең, жыр, ақындар

Өлшем

  • 03.09.2021
  • 0
  • 0
  • 261
Өлшемі бар дейді ғой бәрінің де өмірде
сүю менен сыйлаудың, ашу менен наздың да.
Шартты бәрі — адалдық, ізгілік те, сенім де,
бола алмаса егер сай санаң түйген мазмұнға.
Ашу, ыза адамға жарай алмас қорғанға,
ақыл, айла торласа иілер зор күшің де.
Сыйластықтың екі ұшы екі жақта болғанда,
төзім керек тозбайтын шексіз сүю үшін де.
Қырағылық керек-ақ селт етпейтін сәтке де,
қапылыста жоғалтып алмау үшін сенімді.
Кей көңілдер өзгерсе
білесің де гәп неде?!
Неге біреу аңдиды сүрінетін жеріңді?
Біле алмайсың барлығын, сезсең-дағы жобасын —
үндемейсің өр көңіл мәртебесін зор тұтып.
Кейбіреудің ойынан қарап тұрып тоңасың,
кейбіреуді тұрсаң да өрлігіңмен қорқытьш.
Өлшемі бар дейді ғой бәрінің де тірлікте,
сергек қарау керек-ау қараға да, аққа да.
Әйтеуір тек, нысанаң болсын ізгі бір нүкте,
әйтеуір тек, ар менен намыс туын таптама.
Иә, адам көреді ізгіліктен жолдасын
Тек, әйтеуір, арамдық аулақ салсын іргесін.
Адалдығың аяққа тапталатын болмасын,
сеніміңнен сергелдең туып кетіп жүрмесін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өмір сахнасында

  • 0
  • 0

Жас келіншек
Жас қабірдің басында,
Екі сәби — екі Күні қасында
Егіледі іздеп жарын мерт болған

Толық

Жарығым-ау, алдыңда кінәлімін

  • 0
  • 0

Жарығым-ау, алдыңда кінәлімін –
Күмістей боп шықпаса бұлақ үнің,
Өзгертсе егер ажарын бұла күнің,
Шаттық деген сырт берсе шырақ-ұғым...

Толық

Әсерлі сөз

  • 0
  • 0

Көрсете алған көңілдерден күліп бой
айналайын, әсерлі сөз, білікті ой.
Таза болса, мөлдір болса екеуі
жан сусынын қандыратын тұнық қой

Толық

Қарап көріңіз