Өлең, жыр, ақындар

Ленин жолы

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 372
Адам!
Сен тарихыңның өн бойында,
Атқардың таңқаларлық талай істі.
Тек қана, жалғыз арман жүрді ойыңда,
Сан заман жеңе алмай жалғыз күшті.
Ол зұлымдық: адамды адам талау,
Қиянаты қисапсыз аздың көпке!
Үскіріктей үсітіп ауыр қанау,
Жүрек сыздап, қабына алқынды өкпе.
Талай ізгі ақыл-ой бұл азапты
Жоюдың жолын іздеп болды сарып.
Талайлар бостандыққа факел жақты,
Енді күннің шығуын күтті халық.
Октябрь таңы атты, күн де шықты,
Аты — Ленин, батпайтын еш уақытта,
Халық оны жүрекпен, мимен ұқты,
Ұқты адам жетерін шын бақытқа.
Сонан бері СССР өлкесінен
Лениндік алтын сәуле кең тараған,
Батыстың теңе қарап желкесінен,
Жарты әлемді тармағы жапты ораған.
Бақытта үштен бірі адамзаттың
Өзі жеп еңбегінің жемістерін,
Тыныстап саясында гүлді бақтың,
Кеңітті жылдан жылға өрістерін.
Жердегі жетістігін месе тұтпай,
Қол созды еркін адам Ай мен Күнге,
Ұшырған ракеталар босқа жатпай,
Жолдас боп жұлдыздармен жортты бірге.
Билеуі планета атаулыны
Адамға арман емес, болды шындық.
Космосқа терең сүңгіп бата кірді,
Бар әлем басын иіп ұрды құлдық.
Тұруға жер тар болса Марс даяр,
Ол тар болса көшеді Юпитерге,
Жеңістікке, демеңіз «адам тояр»,
Планеттің бәріне тебеді ірге.
Бүгін-ақ істер еді соның бәрін
Буржуйлар жармаспаса аяғына,
Шіріген шырмауықтай тауысып дәнін
Тамырынан құруға таяды да.
Бостандықтың жемісті бәйтерегі
Аспанға бойын соза өсті шырқап,
Әнмен, күймен шаттана дән тереді,
Саясында сайрандап барлық ұрпақ.
Ертең ескі дүние батыста да,
Күл-пәрша боп біржола қирағанда,
Бақытты жасап қарым-қатынас қана,
Жерді тастап, қорқақ пен қимағанға,—
Марсқа я басқаға атылса адам,
(Өйтуіне кәзір жоқ ешбір күдік),
Онда да коммуналық құрып заман
Бастайды іс, Лениннің туын тігіп.
Десек біз «бар әлемге адам қожа!»
Жетсе де қай дүниеге оның қолы,
Лениннің әр тасына атын жаза,
Барар беті әрдайым Ленин жолы.
Қай жаққа ұшсын, мейлі қайда барсын,
Адамдық басылған із, жүрген қадам Лениндік!
Бар әлемді данқы жарсын!
Теңдессіз ұлы Ленин ең зор адам.

1960



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қызылорда

  • 0
  • 0

Қай орда, мынау орда?
Қызылорда!
Төбесі күнге жалғас қызық орда.
Есігін еңбекшіге ашып қойып,

Толық

Мәңгілік ұлы халықтың

  • 0
  • 0

Бізге елдің еңбекші табы қымбат,
Бостандыққа бет алған жағы қымбат,
Екіталай жерлерде кезге ұшырап,
Жол тапқан ер сымбатты жаны қымбат.

Толық

Тайыр Жароковке (бірінші өлең)

  • 0
  • 0

Сен ойлайсың өзіңді «қумын мен» деп,
Бол, болма,... отаныңа еткен еңбек
Өз тіліңмен айтқанда,— сан шөлдерді,
Суарды таусылмайтын «Тасқын»— сел боп.

Толық

Қарап көріңіз