Өлең, жыр, ақындар

Алыстағы ауылда

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 465
Алыста ауылым бар еді,
Облысы Қостанай.
Жері құт,
суы бал еді,
Мәпелеп мені өсірген,
Туған жерді есімнен
Жүретін едім тастамай.
Туған жерім кең еді,
Көз тіксем ұшы-қиырсыз.
Тұрғанға қалғып тең еді,
Ауылымды айнала,
Керіле біткен айдала,—
Ізсіз, жолсыз, шиырсыз.
Қалғыған кең даламды,
Оятты анам — Партия.
Алуға бұл «қамалды»
Колхоздар мен өндіріс
Жұмсады күш, басталды іс,
Жылдан-жыл өнімі артыла.
Бірақ байтақ кең дала,
Сыймады бірден құшаққа.
Аз табысқа алдана,
Кейбір шағын бастықтар
Тұрғандай толып астықтар
Қанағат қылды ұсаққа.
Болжағыш, іскер, жеңімпаз
Партия мұны көрді де,
«Бай даладан алдық аз,
Алайық түгел байлығын,
Оған қуат сай бүгін
Әзір совет халқы да»—
Деп шақырды ұранды,
Түрді Отан құлағын.
Асынып қажет құралды,
Тыңдарға дабыл салып жол,
Ұлдар, қыздар — комсомол,
Аттанды алғыр қыраным.
Москвадан, Киевтен,
Советтік барлық қаладан,
Жабдықты түгел үйін тең
Нелер алып машина,
Нысанаға асыға,
Тізіле тартты даладан.
Машинаны меңгерген
Туысқан барлық халықтан,
Советтік барлық елдерден
Кескіндері — жалынды от,
Ойлары ұшқыр, іске өжет,
Таймайды алған бағыттан.
Жатса да жерде қалың қар,
Болса да аяз, үскірік,
Бөгелмеді алыптар.
Сибирьдің қысы қасарған,
Дәндеген екен осалдан,
Шыдатпады күштілік.
Тілгілеп өтті алыптар
Теңкиген бұйра күртікті.
Қайрат, ісі шарықтар —
Отаншыл өрім азамат,
Тоңдарды кардан тазалап,
Тыңдарға қызыл ту тікті.
Аршылған тоңға болат тіс,
Кеміре терең қадалып,
Басталып жаппай құрылыс,
Іргесі берік үй, сарай,
Тігілген туды жағалай
Бітіп те қалды қаланып.
Естілді жырлар үйлерден,
Тілдері басқа әні бір. 
Кірпігі түнге түйрелген
Электрдің кезінен.
Лениндік шамның өзінен
Даланы кетті бөлеп нұр.
Істе, күште, жырда да
Болды сондай келістік.
Мақсаттары бір ғана,—
Алтынға халқы балаған,
Көтеру тыңды даладан,
Өндіру бай егістік.
Туған жерді жаңғыртқан
Бұл үнге мен де қосылам.
Өйткені, ақын — албырт жан
Ес білген бала шағымнан
Осындай күнді сағынған,
Құмар болған осыған.
Кешікпей күн жылынып,
Ерісе жерді жапқан қар.
Техника, адам жұмылып,
Көтерсе жаппай тыңдарды,
Тудырмай тың жырларды,
Жатуға қалай шыдар ар.
Жоқ, шыдаман! Қаламды
Өткірлеп мен де қайрармын.
Аралап туған даламды,
Ерік беріп жырыма,
Поэзия тыңына
Мен де соқа айдармын.
Өсірермін өлеңнен,
Мен де дәнді жемісті.
Ауыр дәнге бөленген
Көтере жырлап даламды,
Серпе сілтеп қаламды.
Сипаттармын егісті.
Бидайдай асыл сөз дәнін,
Шашыратпай жинармын. 
Жеткенше, қиял, ой, әлім,
Жеңістің шыққан өріне,
Жырымды туған еліме,
Басымды ие сыйлармын!

1954



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мәдени бәсеке

  • 0
  • 0

Культурная эстафета!
Ура!
Колхоз және совхоздар,
Өндірістер, ұйымдар —

Толық

Балқаштың түні

  • 0
  • 0

Түн. Кең дала қалғыған секілденіп
Үнсіз тұр. Аспанда жоқ шөкім бұлт.
Сәулесі жұлдыздардың шабақтардай,
Бір сүңгіп, бір малтиды суда тұнық.

Толық

Тайыр Жароковке (бірінші өлең)

  • 0
  • 0

Сен ойлайсың өзіңді «қумын мен» деп,
Бол, болма,... отаныңа еткен еңбек
Өз тіліңмен айтқанда,— сан шөлдерді,
Суарды таусылмайтын «Тасқын»— сел боп.

Толық

Қарап көріңіз