Өлең, жыр, ақындар

Қара емен едім, жұт алды

  • 16.06.2021
  • 0
  • 0
  • 521
Қара емен едім, жұт алды,
бүп-бүтін болам мен қайдан?
Сындырды бір бұтамды
атылған оқ торғайға.
Мен де бір емен деп қызып,
шайқалар шағым бір тағы...
Бір бұтағымды кетті үзіп
әдепсіз желі арқаның.
Мен де бір емен деп өсіп,
барымды жайдым, барды айттым.
Түстіктің ыстық желі есіп
жапырағымды сарғайтты.
Жапырағымды ал, ала қаш,
ойының, жел-күз, қанбаса.
Атырау жағым жалаңаш,
Алатау жағым болмаса.
Мен де бір емен, жанымда
жел үзген жапырақ үркіп жүр.
Сілтенген балта тамырға
бұтақтарымды қырқып жүр...
Өсек те от, дұрыс бір
үрлейтін жел қайда бар?
Сол отыңнан бір ұшқын
түсті менің аулама.
Қоқыр-соқыр бар да еді,
бір салақтық болмай ма:
бықсыр екен қай жері,
соғар екен жел қайдан.
Іржәніктің сабаны
лау еткелі тұр тегі.
Малдың көңі... жанады
мақтасындай күртенің.
Гүлім бар-ды қыршын бір, —
еккен едім аулама.
Қызыл ұшқын ыршып жүр —
қорғайтын күш қайда бар?!
Қой, қой айқай жетеді,
өртшілерді шақырма.
Шапаныңның етегі
күйіп бара жатыр ма?
Ескілік деп езілген
келтіре алсам бір ебін,
бұл ауланы өзім де
өртейін деп жүр едім!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сезім иірлері

  • 0
  • 0

Төрт жасымда қалып едім әкеден,
бірақ жетім атанған жан емеспін:
Өзім тұстас көп баламен тең өстім,
Жетімсің деп кеміткен жоқ мені ешкім.

Толық

Жанып тұрып бір өлең оқыр едім мен оған

  • 0
  • 0

Жанып тұрып бір өлең оқыр едім мен оған
алып келіп қаладан, не суырып санадан.
Оқыр едім, әттең-ай, оқыр едім — ұқпайды,
жырды ұқпайтын кісіден махаббат та шықпайды.

Толық

Шегініс

  • 0
  • 0

Қошалақ құм маңдайында Күн тұрды,
қабағында сенің жұмбақ мұң тұрды —
Сол екеуін салыстырып қарап ем,
жаным менің үркіп қалды бір түрлі.

Толық

Қарап көріңіз