Өлең, жыр, ақындар

Көлге

  • 14.05.2021
  • 0
  • 0
  • 1735
Көмкеруің көк көгал,
Күлмеңдеген күміс көл,
Көнерең кесте - құрақ, тал.
Кестеңді өртер күзгі жел.
Оранып ұлпа ойдымды,
Ойпанда жатып етгің наз,
Төсінде құстар той қылды,
Той бастады қу мен қаз.
Сүңгуір, сұқсыр сүмеңдеп,
Қасқалдағың қалтылдап,
Шүрегейің шүмеңдеп,
Шағалаң шулап шаңқылдап.
Шомылған сұлу суыңа,
Шапылдатып алақан.
Мықшиған мерген қуыңа,
Балалар қуып балапан.
Көк құндақты күміс көл,
Күбірлеме, жыр айтам.
Сал құлақты, көңіл бөл,
Болды сендей бір қалқам.
Ол да сендей сұлу ед,
Жасы да оның жас еді.
Жаз өмірімде туып ед,
Жазы да оның аз еді.
Бейне біткен қайыңдай,
Білегі мінсіз балғынның.
Ақша төсі айдындай,
Шашы сенің, шалғының.
Қасы сенің қабағың,
Лебі сенің лебіңдей.
Саусағы сенің шабағың,
Шынтағы шыбық өрімдей.
Оның да өмірі жартымсыз,
Болды, лажсыз күз жетгі.
Өмір күзі сұрқынсыз,
Екі он бестен жасы өтті.
Сен де сондай боларсың,
Жаздың жақын өтері.
Сен де сондай боларсың,
Бір боларсың екеуің.
Күлмеңдемес көзің көл,
Өлезір де тұнжырар.
Күй күйлетер күзгі жел,
Бақа-шаян шыңғырар.
Толқын бетіңді ажымдап,
Қартаярсың қалтырап.
Долы дауыл азынап,
Жалп-жалп ұшар жапырақ.
Қиқу салған құстарың,
Қош айтысар күн болар.
Құшағыңа құштардың
Қалмас бірі, жым болар.
Қарашалап қар жауса,
Қалармысың қартаймай?
Қамыс, қоғаң сарғайса,
Қартаярсың қалқамдай...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күйші

  • 0
  • 0

Қамаудың хан ауылы қыр жағында,
Аңқытып ақ орданың бір жағында.
Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп,
Құмар қып тартқан күйдің ырғағына.

Толық

Құсайын өлеңдерінен

  • 0
  • 0

Айрылдың қайран қазақ Есіліңнен,
Қарекет жиған-терген несібеңнен.
Тірідей бозбаланы жау әкетті,
Болды екен әлдекімнің кесірінен.

Толық

Сеп, сеп, сеп!

  • 0
  • 0

Бозбала:
Жеке - жеке құлданып,
Жеген бізді бай құрсын.
Қыз бала:

Толық

Қарап көріңіз