Өлең, жыр, ақындар

Жас ұлан

  • 03.05.2021
  • 0
  • 0
  • 381
Алшия мініп жас бала
Тобылғы күрең тұлпарын.
Қызыл туын қолға ала,
Қондырған ерке сұңқарын.
Садағын тізіп дестеден,
Бес қаруын асынған.
Көмілген тұлпар кестемен,
Шымқай қызыл асылдан.
Жайнаған ылғи қырмызы,
Сұлу тұлға кигені.
Оттан ыстық жұлдызы,
Күн сәулесі күлгені.
Тұлпары қарап шекеден,
Шұлғиды жерді тебініп.
Келгендей-ақ Меккеден,
Жұрт қоршаған төгіліп.
Түрленіп тоқсан толғанып,
Аударды көптің назарын.
Сұңқылдап үні қозғалып,
Ашты тілдің базарын.
«Еңбек өнер туысым,
Мен – табиғат баласы.
Адалат, шапағат уысым,
Мен – әлеумет анасы».
Атылып тұлпар басқанда,
Көп жөңкілді жарылып.
Шықты дауыс аспанға,
Күй құйқылжып салынып.
Қызыл ту сонда сілкініп,
Сау-сау төкті білімді.
Толқыған шаршы іркіліп,
Жинаймын деп жүгінді.
Сілтесе қамшы ұшынан,
Әділдік жауды сартылдап.
Аттаса тұяқ тұсынан,
Тұтанды шапиқат жарқылдап.
Желігіп, зулап желіп ед,
Түйдек-түйдек түсті еңбек.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар