Өлең, жыр, ақындар

Боран

  • 20.04.2021
  • 0
  • 0
  • 764
Боран деген бұл да бір бала емес пе,
Сол баланың қылығын салады еске.
Мұңаю да, уайым да ойында жоқ,
Ойын қуған ертеден қара кешке.
Еркелеп ақ пейіл қыс – анаға асыл,
Уілдеп айтатындай далаға сыр.
Сырын білмес жылқының сыртынан кеп,
Жүгіріп жол үстінде салады асыр.
Із-түзсіз жылжиды алға, аттап қадам,
Қолында қалт-құлт еткен аппақ қалам;
Аяз ата үйреткен машығы бар, –
Мәз болып әйнек бетін шатпақтаған.
Жеңілтек, өзін-өзі жиі алдайды,
Көрші қызға қызығып, қиялдайды;
Есігіне еріп кеп есі кетіп,
Кете алмайды қипақтап, қия алмайды.
Гуілдеп тынбай айтар тақпақ-өлең,
Тауды көріп тағы бір тапты өнеге:
Бірте-бірте биіктеп сезбей өзі, –
Айналады айнала ақ төбеге.
Ол өскенше ата-ана – дала да әуре,
Уақыт өтіп осылай арада әудем;
Көктеменің лебі есер бусандырған,
Өте шығып көрген түс – бала дәурен.
Жаңа енді толқын еніп ой-санаға,
Өнеге боп жадында жайсаң аға;
Басталады ұлы өмір, арман қусаң,
Арқырап ағу керек сай-салада.
Терең болсаң теңейді теңізге елің,
Шалшық боп жолда қалсаң өзіңде мін.
Көктемедей көңілім аласапыран, –
Осындай ма жас дәурен кезім менің?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Cенен білдім

  • 0
  • 0

Ақша бұлттың ақ төсінен нұр өпкен,
Сөз арнаймын арыны асқақ жүректен.
Найзағайдай нақыш салған аспанға,
Жарқылдаған от әкелдің жас жанға.

Толық

Жиһазды өңір

  • 0
  • 0

Көкшетауым, Көкше деген ат қандай!
Көрген адам қалмас, сірә, шаттанбай;
Сексен көлі сексен ауыл секілді,
Тарқамас той төрінде өтіп жатқандай.

Толық

Көңілімнің көкшесі

  • 0
  • 0

Сүйем сені! Арым таза, сөзім шын,
Көңілімнің Көкшетауы өзіңсің!
Асылынан алқа таққан көріктің,
Бақытымның Бурабайы деп ұқтым.

Толық

Қарап көріңіз