Өлең, жыр, ақындар

Аташалдың ақырғы батасы

  • 29.11.2020
  • 0
  • 0
  • 450
Болмаса да көрерім,
Көкірегім ояу ғой.
Көп болса да керегім,
Ажал, шіркін, таяу ғой.
Ертең болмас бұ күнім,
Бүгін айтып көрейін.
Қолыңды жай, құлыным,
Мен бір бата берейін.
Үш жүз ұлдың ішінде
Қатарыңнан артық ең.
Сен тумай-ақ, түсімде
Саған сенім артып ем.
Ғұмыр кешпей негенге,
Әл-Фарабтай дана бол!
Жетім-жесір дегенге
Қорған да бол, пана бол!
Сен өлеңмен бір тудың,
Ақын болсаң, ақын бол!
Өзің шыққан жұртыңның
Жүрегіне жақын бол!
Әлемдегі ақыннан
Ешкім артық жазбасын.
Сенің мінген атыңнан
Ешбір жүйрік озбасын.
Көсем болар баласың,
Ақыл деген – алып кен.
Жақсы бола аласың,
Жақсы болсаң халықпен.
Үш жүздің де арасын
Ашып жүрген талас қой.
Несін бөліп-жарасың,
Алақандай Алаш қой.
Әппақ болсаң ақ қардан,
Алыс кетер әбілет.
Қара қылды қақ жарған
Керек саған әділет.
Шықсаң егер бір беттеп,
Қазақ деген – аз халық.
Жүргейсіңдер құрметтеп,
Бір-біріңе назданып.
Жалғыз болсаң, жасыма,
Ұлдар болар туатын.
Жалшы деме жалаңаш,
Құлдар болар қуатың.
Батыр болсаң, жараспас
Қанды жорық, қату қол.
Жар астында жататын
Жауыңмен де тату бол.
Бір ауыз сөз – үкімің,
Белдескенің емес пе?
Бейбіт болса бітімің,
Елдескенің емес пе?!
Екіталай күндерде
Соңыңа ерсін ұл-қыздар.
Жалғыз жортқан түндерде
Шырақ болсын жұлдыздар.
Ұлы көшті құрасаң,
Жүрсін ылғи артта нар.
Ал, ақылды сұрасаң,
Көпті көрген қартқа бар.
Үйден шыққан дау жаман,
Үзігіңді жыртады.
Қапы соққан жау жаман,
Қызығыңды құртады.
Дұшпандарың табанда
Топырақтай тапталсын.
Ата қазақ әманда
Өзіңді айтып мақтансын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күй

  • 0
  • 0

Айтыңдаршы мына күйiң не деп тұр?
Қос шектегi мынау әлем – дүние ғой бөлек бір.
Құмырсқадай жаудың жолын осынау
Қол басындай қарағайдың құдiретi бөгеп тұр.

Толық

Думан дала

  • 0
  • 0

Тойлар деген бұл жерден тарқамайды,
(Өте салар жиын ба әрқалайғы?)
Бәстескенде, даланың балуандары
Атандардың өзiн де арқалайды.

Толық

Ақ арман – арғымақ

  • 0
  • 0

Астымда ақ арманым – арғымағым,
Келеді жапалақтан үркіп өтіп.
Тарқатып ақын көңіл бар құмарын,
Ауылын өлең-қыздың дүркіретіп.

Толық

Қарап көріңіз