Өлең, жыр, ақындар

Бала күнгі жұлдыздар

  • 26.11.2020
  • 0
  • 0
  • 791
Шексіздіктің біледі кім мөлшерін...
Қиялдадым...
Жер, көкті,
Күнді өлшедім.
Жете алмадым түбіне
Бар сезгенім –
Шексіз ғалам...
Мен сенің бір бөлшегің!
Ой азабын арқалап сенделіп тым
Кетпесем де,
Көп сырды желден ұқтым.
Шырылдайды шыбын жан шырқау іздеп
Шырмауынан шыға алмай пенделіктің.
Пендешілік...
Дүние­ай,
Пәни жалған,
Дәурен – ғұмыр...
Осы ма нағыз арман?!
Менің жаным мәңгілік мән іздейді
Галактика,
Ғарыштан,
Жұлдыздардан.
Құштар болдым жұлдызға
Бала кезден,
Жылқы бағып кезекпен, дала кезген.
Жұлдыздар мен жанымның арасында
Бір жақындық барлығын қалай сезгем?!
Айсыз түн
Айдалада
Ұйқы қашқан,
Пысқырады жылқылар жусап жатқан...
Естен тана үздігіп Құс жолына,
Ұшып кеткім келетін жұлдыз жаққа.
Мөлт­мөлт еткен жұлдыздар
Көп, көп еді,
Жерге тамып кетердей көркем еді.
Суырып алардай боп өзегімді
Шақыратын жан қоймай көкке мені...
Таң атарда қоштасып, қимайтынмын,
Әлденеге ішімнен жылайтынмын,
Сыйса деуші ем
Бар ғалам жүрегіме
Сыя қоймай ол мені қинайтұғын!
Жарты ғасыр өтіпті,
Өмір легі...
Бір тынбайды қаланың дүңгірлегі,
Тынысыңды тарылтып түнгі лебі,
Жұлдыздар да қазіргі өзгешелеу
Әлде өзгерген мен бе екем,
Кім біледі?!
Бүгінгінің балдары біздей ме екен,
Көктің сырын сезе ме,
Сезбей ме екен...
Менің таза, мөп­мөлдір жұлдыздарым
Бала досын даладан іздей ме екен?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарындас пен қарындаш

  • 0
  • 0

Қызыл, жасыл қарындаш,
Қызықтырар баланы,
Қарындасым Қарлығаш,
Қызық сурет салады.

Толық

Өмір бізге артады талай жүгін

  • 0
  • 0

Өмір бізге артады талай жүгін,
Орта жолда қалуды қалайды кім,
Алқынып, асығамыз әлденеге
Шығардай алдымыздан арайлы күн!

Толық

Жер-ана, жолдан айныма!

  • 0
  • 0

Тұңғиық көкке
Қараймын неге телміріп,
Мұңайып жаным,
Мүжіліп іштей егіліп,

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер