Өлең, жыр, ақындар

Мағынасыздық

  • 03.10.2020
  • 0
  • 0
  • 588
Ұзақ па?
Қысқа ма?
Кім білсін…
Қайтып келеміз
Қозғалмас көлеңкелерден мейлінше запы болған
Қабарыңқы соқпақты бойлап.
Жолдың бір шеті қып- қызыл бояу,
Бір шеті қараңғы түнек.
Аспан жақта темір қазық жұлдызы ағып барады
Жолағын еріне сүйреп.

Қайтып келеміз
Ескі һәм беймәлім әріптер тұнжырай аққан
Арықтың бойымен,
Соңымызда Хантәңір
Ай қадалған құлыптастарға
Самырсын исі бұрқырап тұрған дауысы шағылып
Мұнартып қана қалып барады.
Алдымызда Ван Гок суретіндегі сарғылтым іреңге малынған ауыл,
Немесе,
Коланың қаралтқым қоңыр түсімен көмкерілген шәһар.

Қайтып келеміз
Фәни мен бақидың қиылысында.
Соңымызда төбесіне тұман шөккен
Мешіттер,
Шіркеулер жерленген
Мазарлық.
Алдымызда қистай ұшқан жарық сәулелер
Шыңғыра майысып жұтылар
Алып қара үңгір,
Немесе,
Өмір мен өлімнің жұптасар жібек көрпесі.

Қайтып келеміз
Жүрмеске болмайтын сүрлеуді шиырлап,
Соңымызда бұрыштар,
Шеңберлер,
Қапастар мүлгіиді қуарып.
Алдымызда қапастар,
Шеңберлер,
Бұрыштар ашады құшағын жұтынып.

Нүкте ме?
Сызық па?
Кім білсін…
Қайтып келеміз
Баба мен баланың түйсігінен тоқылған қыл көпір үстінде.
Соңымызда кім қалды?
Алдымыздан кім күтер?
Барлығы сайрап тұр көкейде.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әйнектің әңгімесі

  • 0
  • 0

Іш жақта
Мүлгіп отырған адам,
Сырт жақта
Жапырақтары сарғая бастаған ағаш.

Толық

Сарай төріндегі жетімек

  • 0
  • 0

Инеліктің қанатынан аспанға көз жіберіп,
Жанарыңның жәннаттан ары бір мекендерге
Емін-еркін ұшып кеткені,
Қамыс шашағына себілген жылымық таңғы бу,

Толық

Алакөлеңке және сурет

  • 0
  • 0

Сағаттың сырт-сырт соғылған үні
барған сайын зорайып бара жатты.
Терезеден түсіп тұрған шырақтың сәулесі
Буалдыр ғана қараңғылықты

Толық

Қарап көріңіз