Өлең, жыр, ақындар

Көк орман, орман айнала

  • 19.09.2020
  • 0
  • 0
  • 905
Көк орман, орман айнала,
Тек алтын, алтын аңсары.
Талай күн қаңғып тайгада,
Талапты ер әбден шаршады.
Шықты алдан тайга бұлағы,
Жүк түсті зілдей арқадан.
Іздеуші келе құлады,
Оқ тиген жандай шалқадан.
Қызыл тас бақ та, бақыт та,
Сол тасты іздеп келеді.
Дем алып, шаршап жатып та,
Бұлаққа қарай береді.
Мөп-мөлдір – үңіл, үңілме,
Бұлақ та жатыр жасырмай.
Төмпешік, әне, түбінде,
Тұп-тура қолдың басындай.
Тұнба мен батпақ бүркепті,
Алмады тастан жүзін бұл.
Бір сәтте судан жылт етті,
Жылт етті ғажап қызыл нұр.
Жанына сол бір нұры ұнап,
Лезде қозып сайтаны,
Батпақтан тасты жұлып ап,
Бар күшпен суға шайқады.
Жатыпты-ау мұның жолында,
Жарқ етті жүзін жасырмай.
Сары алтын тұрды қолында,
Тұп-тура бақтың басындай.
Сан ғасыр бұлақ аққанмен,
Көрінбей жұртқа алтын да,
Батпақта, суда жатқанмен,
Қалыпты қымбат қалпында.
Ешкімге сенен бұрылмай,
Мен сенің нәзік өңіңнен,
Алтынның құйттай нұрындай,
Ғажайып бір нұр көріп ем.
Жыр жазып саған шарқ ұрдым,
О, Ләйлә, сен де асыл ең,
Шайғандай жүзін алтынның,
Су емес көздің жасымен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алдымнан менің жасыл тау, қызыл таң күлген

  • 0
  • 0

Алдымнан менің жасыл тау, қызыл таң күлген,
Өспірім күнім, тәуелсіз тентек шағымда
Қаратал жақта бетпе-бет келіп қалдым мен,
Биқасап киген бетінде мең бар сағымға.

Толық

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған

  • 0
  • 0

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған,
Көретін болдым өмірден енді түрлі сын.
Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман,
Қылыққа сол бір қызығып, күліп жүрмісің?

Толық

Көк аспан оқалы жіп төкті

  • 0
  • 0

Көк аспан оқалы жіп төкті,
Құйылтып көгілдір бақтарға.
Алаңда билер де бітпепті,
Көп қызық сол күні жатты алда.

Толық

Қарап көріңіз