Өлең, жыр, ақындар

Айтсын ұрпақ атынан

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1067
(фрагмент)
Мен туғанда ұлы жеңіс жылы еді,
Сұм соғыстың бітті әйтеуір сүреңі.
Қуанышқа, қайғыға да күпті елдің
Түсе қойған жоқ орнынан жүрегі.
Түсе қойған жоқ орнына жүрегі,
Кіре қойған жоқ әлі де реңі.
Бес жыл бойы қайғы жұтқан қан жұтқан
Қайран елдің қандай жаны сірі еді.
Қайран елдің қандай жаны сірі еді,
Жылай жүріп, жоқтай жүріп күледі.
Әр жүректе жара барын біледі,
Әр тілекте «тоба» барын біледі.
Өлгендердің оралмасын біледі,
Орнында бар оңаларын біледі.
Адамзаттың арын төккен соғыстан
Келер ұрпақ кек аларын біледі.
Ел біледі, біледі ел барлығын,
Қолға тастай ұстайды енді тағдырын.
Уақыт – емші, бірте-бірте құрғатар
Көз жасының көлшік-көлшік жаңбырын.
Ал әзірге жара сыздап, жан мұздап,
Талай жесір, талай жетім жалғыз қап.
Аяулы әке, адал жарын күтуден
Мың-мың көздер боталайды андыздап.
Біреу келді...
Келді ерте, келді кеш,
Енді біреу айтып кетті мәңгі «Қош!»
Соғыс бітті.
Бейбіт майдан басталды –
Махаббат пен шапағаты мол күрес.
Соғыс салған күйік пенен жараны
Тек махаббат, мейірім емдей алады.
Жүрегі удай ашыса да, сондықтан
Емен-жарқын еді елдің қабағы.
Жарым көңіл көтерумен келісіп,
Өле ішкенше, қолда барды бөле ішіп.
Жүдеу иін, жыртық иық жамиғат
Жарық дүние көргені үшін көрісіп.
Жылап-сықтап, көздің жасын бір сығып,
Бір уһілеп, алады бір күрсініп.
Одан кейін тірі пенде қыбырлап,
Басталады жеткізбейтін тіршілік.
Біреу әне, аяқ молақ, қол шолақ,
Ерден ұстап аттан түсті домалап.
Енді біреу шолақ қолын демеу қып,
Шөмелеге салды айырын шамалап.
Енді біреу атын да ерттеп міне алмай,
Түп етектен шорт кесілген шынардай
Болса-дағы, тамыры аман қалған соң,
Бұтақ жайып кетті көктеп суалмай.
Енді біреу бұлт айналса төбеге,
Оқ тигендей қалшылдайды денеге.
Кегі қайтқан, жа
н жарасы жазылған,
Тән жарасын қайсар солдат жеңер ме?
Жеңе ала ма, оқтың уын, уытын,
Жарық дүние жағар ма екен үмітін.
Енді біреу...қалш-қалш еткен қария
Қалды ұрпақсыз, соны ойлайды күндіз-түн.
Ал біреуде жар некесі алғашқы,
Тағдыр заңы амалсыздан алмасты.
Ал бір үйде әкесі жоқ ұл туды,
Әкесі жоқ.
Өмір бірақ жалғасты.
Жер бетінде сан мың адам жылады,
Біреу қайыр, біреу көмек сұрады.
Мұның бәрі сұм соғыстың кінәсі
Сол соғысқа бірақ адам кінәлі.
Сол кінәні жуып-шаяр тірі адам ,
Ал күнәһар құтылмайды күнәдан.
Бүкіл, бүкіл соғыстардың мойнында
Келіншектің көз жасы бар жылаған.
Мен де сондай жылап туған шарана,
Бейбіт күннен берді жарық замана.
Іңгәлаймын тал бесікте бөлеулі,
Тылсым заңмен ұмтыламын Анама.
Анам маған ақ көкірегін ашады,
Ана сүтін аузыма әкеп тосады.
«Уызыңа жари көрші, жан ботам!»
Алпыс екі тамыры иіп босады.
Мен білмеймін сойқан соғыс өткенін,
Сан жүректі күлпаршалап кеткенін.
Мен білмеймін дүние дүние болғалы
Көз көрмеген азапты адам шеккенін.
Мен білмеймін дерті, өрті соғыстың,
Соғыстан соң сансыратып Жер үстін.
Сан ұрпақтың кеудесінде тас болып
Қалатынын жібімейтін беріш-мұң.
Соғыс заңы не өмір де, не өлім,
Соғысқанның ұраны тек «жеңемін!»
Соғыстан соң ашу керек адамзат
Жеңу менен жеңілудің себебін.
Қара күш пе, әлде айла-амал ма,
Беріктік пе, бекініс пе, қамал ма?
Келешектің құрбаны еткен әлде өзін
Ырқы күшті, рухы күшті адам ба?!
Соғыстан соң бәрін елеп, екшесе,
Онда адамзат қанын судай төкпес ед.
...Тауқыметтің кім біледі біз білмей,
Соғыстан соң өртеңіне көктесек.
Соғыстан соң көз көргеннің барлығы,
Адамзаттың соғыс салған тағдыры.
Сұм соғыстың зіл-заласы соңында,
Соңында ғой қайғысы мен зар-мұңы.
Соңында ғой күйініші, күйігі,
(Соңында ғой бар дүниенің түйіні).
Жесір әйел көрсетпейді көз жасын,
Жетім ұлдың бүлкілдейді бүйірі.
Кемтар-кәріп құнын кімнен сұрайды,
Сұрамайды, жыламайды, шыдайды!
Ерлігіңе көзі жеткен күллі әлем
Соғыстан соң төзіміңді сынайды.
Төзді. Күтті сары алтындай сабырмен,
Көктен көмек сұраған жоқ, тәңірден.
Уа, туған ел, соғыстан соң сен бізді
Толғатқансың жарақатты тәніңмен.
Соғыстан соң, соғыстан соң барлығын,
Танып өстік туған елдің тағдырын.
Ал сан ұрпақ қырық жасқа келіпті,
Қырық жылдай жұтып бейбіт таң нұрын.
Біз сол ұрпақ – өртеңге өскен көк құрақ,
Соғыс көрмей, көргеніміз көп бірақ.
Зіл-заласы соңындағы соғыстың
Санамызға батты біздің қаттырақ.
Ал сол ұрпақ айтсын соғыс соңынан,
Көз көргенін сәби шақтан таныған.
Алдыңғыға баға берер соңғы ұрпақ,
Айналайын заман – тарих заңынан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзімнен өзім қараптан қарап жатқан ем

  • 0
  • 0

Өзімнен өзім қараптан қарап жатқан ем,
Біреу кеп мені бауыздап кетті мақтамен.
Күнәдан таза періштемін деп айтпаймын,
Бұл жолы бірақ күпіршіліктен аппақ ем.

Толық

Ұят та болса, уыздай қызға көз тастап

  • 0
  • 0

Ұят та болса, уыздай қызға көз тастап,
Күмілжіп қалдым, кете де жаздап сөз бастап.
Бір ыршып түскен көбелек сынды пәтшағар,
Қалпымды танып, қимылымды білген жазбастан.

Толық

Севан

  • 0
  • 0

Бір қанып ішіп, суына түсіп көрмей біз,
Аузымыз жеңіл, тоспа да болса, көл дейміз.
Мойылдай дейміз, моншақтай дейміз, мең дейміз,
Біз де бір аққу, айдынды көлге шөлдейміз.

Толық

Қарап көріңіз