Өлең, жыр, ақындар

Боз бие немесе тың жыртқан жыл

  • 31.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1393
Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр,
Қозы-лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл.
Тың жыртқан жылы төбенің түбіт көдесін
Тарап әкетті тарақ табанды трактор.
Айызы қанып айбалта – темір тілгілеп,
Сақталған сүрдей шым топырақтарын сүргілеп.
Құрым іңірде қылт ете қалып құйрығы
«ХТЗ»-лар қытықтап қырды жүрді көп...
Қуанды қарттар жанардан жасы мөлдіреп,
«Көде өскен жерге көк бидай шығар болды»деп.
Боз бие біздің түн жамылып кеп сол жерден
Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет.
Қартаң мал еді, әкеме біткен артық бақ.
Тарпаң мал еді, қасқырды өлтірген тарпып қап.
Қаңтардан өзін асырып шығып аман-сау,
Құлын туатын жылқы көбейтіп, жал жұптап.
Саумалына алғаш ақырған айранды ұйытқы ғып,
Сәуірдің қымызын ашытады апам күйтті ғып.
Жыл сайын ерте туатын жануарды әкеме
Қайын жұрты мінгізген екен киіт қылып.
Жыртылған жерге көп қадап тұрып көз нұрын.
Құлын-тай шағын, ойына оралтты өз күнін.
...Қар қалың түсіп, титықтап қыстай тебіннен
Осы жерге кеп туыпты енесі боз құлын.
Боз құлын тай боп, құнан да шықты бесті боп,
Жал жұптап жылда үйіріне үйір қосты көп.
Туған төбеге жығылып жетпей боз бие
Құлындамасын талай да талай естіп ек...
Боз бие біздің қырға өруші еді желдесе,
Қыр беруші еді құнары тасып селдесе.
Апам айтатын: «Иімейді – деп, – бұ жануар,
Көдесін қырдың бір мезгіл қажап келмесе».
Ақылды жануар соңғы рет келіп сол түні
Таныс көденің тамырын иіскеп толқыды.
Ылғал құм ішінде іркілдеп жатты тамшылар
Ұзатқан қыздың жылағанындай төркіні.
Тамырын тартып, қау етіп қырға көк шықты,
Сабағын дәннің себелеп жаңбыр көпсітті.
Қыр жақтан бірақ көденің иісі сезілмей,
Тұшынбай тілі, боз биені сол өксітті.
Есті мал қырға – егіске барып түскен жоқ,
Қыр жақты кетті көкпеңбек барқын түс меңдеп.
Көз қарып қырға қараған сайын биеде
Көдеге талғақ келе жатты бір күш меңдеп.
Орылып егін аңыз боп әбден қалған соң,
Аңсатқан сезім бойынан еркін алған соң,
Боз бие қырға түн жамылып тағы келді де,
Масақ дәміне мекіреніп әбден қанған соң,
Былай деді оған бірге еріп жүрген қара айғыр:
– Көденің дәмін татқан жоқ па едік талай жыл.
Қара оттың өті жарылды ғой деп келгенде
Тілімізді бір тұщындырмағаны қалай бұл?..
Түн құшағында түнеріп жатты байтақ қыр,
Боз бие басын сүлесоқ қана шайқап тұр.
Астары мынау аударылып қалған тың жерге
Ащы көденің шықпай қалғанын байқап тұр...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жеңіс жыры

  • 0
  • 0

Қозатын «қоға» десе намысымыз,
Өртеңнің орнындағы қамысымыз.
Жел тұрсын, самал соқсын, бұл маңайда
Бірінші шыққан біздің дауысымыз.

Толық

Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын

  • 0
  • 0

Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын,
Бұған бірақ қалай мен жарасамын?
Болашақтың қамы үшін төзейін-ақ,
Болмысымнан бөлек пе болашағым?

Толық

Бар еді бізде махаббат

  • 0
  • 0

Махаббат бізде бар емес пе еді дәл кеше,
Махаббат бізде бал емес пе еді дәл кеше?
Құлдырап қашқан құлын еді ғой махаббат,
Алпыс екі тамыр, жұлын еді ғой махаббат.

Толық

Қарап көріңіз