Өлең, жыр, ақындар

Ақ шилер

  • 28.08.2020
  • 0
  • 0
  • 619
Құм Тосын жаққа құларда
Қол бұлғаушы еді ақ шилер.
Малынып мұхит мұнарға,
Толқындаушы еді ақ шилер.
Алтынмен аптап күн нұры,
Жарқылдаушы еді жел қағып.
Сайрайтын жоқ-ты бұлбұлы
Өздері сыңсып, толғанып.
Табиғат берген тілменен
Үнсіз де түнсіз тебіреніп.
Сусыған қызыл құмменен
Тұратын толқып, еміреніп.
Көрдім мен құмның шилерін
Желкілдеп қунап тұрғанда.
Қозғалып бірге билейді
Қарауыл төбе құмдар да.
Аршын да, аршын құм іші
Дастарқан дерсің жайған бір.
Қанаты құмның, дұрысы,
Қаға алмай тұрған қайран бір.
Құмдағы қыруар өскіннің
Сыңары сирек сұңғағы.
Бар екен сенде, кеш білдім,
Жоқ деуші ед сенде гүл жағы.
Қас-қағым сәтте қабығың
Терідей түлеп жаңарып,
Жалғыз-ақ талсың, тамырың
Жап-жайқын құмға таралып.
«Жап-жайқын мұхит бетінде
Жұптасқан желкен – керуендер.
Соққан бір дауыл өтінде
Селдіреп қала көрмеңдер».
Және де солай тіледім
Табиғат пейілі кең ғой деп.
Қауышып есен жүремін,
Пенделік оймен сенбей кеп.
Қаз-қалпың қоңыр құмыңнан
Аумай да, көшпей еш жаққа.
Қызықпайсың-ау құбылған
Тауға да, тасқа, асқаққа.
Құмыңның қалды жыры боп,
(Болсақ қой сендей баршамыз).
О, құмның шиі, бір түнеп
Кетті екен саған қанша құс?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шашыңа ақ кіріпті ғой, айналайын-ай

  • 0
  • 0

Шашыңа ақ кіріпті ғой, айналайын-ай,
Уақыт сені де жіпсіз байлағанын-ай.
Өмірге опынушы едің, опасыз жалған
Осқылап «бет-жүзің» демей ойнағанын-ай...

Толық

Менің бүкіл өлеңім Отан жайлы

  • 0
  • 0

Менің бүкіл өлеңім Отан жайлы,
Отан берген бойымда от ойнайды.
Отан – жүрек, жүректен нәр алмаған
Отықпайды ешқашан, отаймайды.

Толық

Балалық шақпен жолығу

  • 0
  • 0

Түсімде түнде балалық шақпен жолықтым,
Жорытқым келді, жоруға өзім қорықтым.
...Баяғы біздің құм шетіндегі қыстауға
Қаршадай бала қорықпай жалғыз келіппін.

Толық

Қарап көріңіз