Өлең, жыр, ақындар

Мұқағалидың монологы

  • 01.08.2020
  • 0
  • 0
  • 9484
Өлсем, өлгім келеді ерте көктемде,
Ерте көктем еміреніп жеткенде,
Еміреніп жетсе, шіркін, кетпес пе ем,
Қолым қойып өмір деген дәптерге...
Өлсем, өлгім келеді ерте көктемде,
Алтын күрек жеңіл желпіп өткенде,
Қасат қардың қату жаны елжіреп,
Сай мен сала суға толып кеткенде.
Неден қорқам, не сұмдықты көтерем,
Залымдықтың зар түбіне жетер ем,
Дүниенің жамандығын жинап ап,
Қар суымен жерге сіңіп кетер ем!
Сөйтіп мына дүниеден күсер ем,
Қалса, қайран қаралықтан тыс әлем.
Зұлымдығын қар суымен сіміріп
Жеті қабат жер астына түсер ем.
Түсер едім: айналайын, бізді ұмыт,
Жүректегі жүз уайымды сыздырып.
Дүниенің жамандығын мен алып,
Жер бетінде қалса жалғыз Ізгілік!
Беу, Ізгілік, адамзатқа нұр сауып,
Дүрілдетіп бақыт туын жүрсе алып.
...Ал көктемде сен келгенде, аяулым,
Жас қабірім жатса, шіркін, бусанып.
Ерте көктем өң берер ед көк белге,
Көк белдегі мен жантайған бөктерге,
Өмір тілеп өткен менен кеткенге,
Өлсем, өлгім келеді ерте көктемде...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қоңыр күз

  • 0
  • 0

Сол баяғы күйкi тiрлiк бiтпейтiн,
Қара кемпiр қараша үйiн құт дейтiн,
Қара ұлы келген басып Ауғанды,
Қара көз қыз кеткен қашып күтпейтiн...

Толық

Ата жұрт

  • 0
  • 0

Ырдуан арба ырғалып жүрiп,
Ырғалып,
Ақтабан төбет ақ бозаң сорды бiр қауып.
Ырғын көк тұнған...

Толық

Қой күзетінде

  • 0
  • 0

Сәбидей шыға алмаған жөргегiнен,
Бұлттағы Ай көмек күттi жерде кiмнен...
Сары шалдың тарамдаған сақалындай
Ошақта от күйбеңдейдi жел лебiмен.

Толық

Қарап көріңіз