Өлең, жыр, ақындар

Хат жаздым қалам алып...

  • 17.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3255
Хат жаздым қалам алып бауырларға,
Жүрегім жүдеп қатты ауырғанда.
Көздерін бір-бірінің шоқымайтын,
Болып тұр бізден гөрі тәуір қарға.

Бір жүрген дархан пейіл, ұғымды ұлдар,
Неліктен тура жолдан бұрылдыңдар?
Алпыс екі айлалы нәлетіден
Аяғың аспаннан кеп жығылдыңдар.

Кешегі досым, бүгін маған жатсың.
Жауыңның айтағына арандапсың.
Құдайдың құлдарына құрметің жоқ,
Жәннатқа қай бетіңмен бара алмақсың?

Жылуын жанның шайтан тонағанда,
Жүрегі айналдық қой өлі адамға.
Жай оғы сезімдерін жайратпаған,
Баяғы күндер қайтып оралар ма?!

Құлдарын қорламайды Құдай бекер.
Бауыр да болады ма бұлай бөтен?
Теп-тегін сәлемді алмай сырт беруге
Дәттерің қалай ғана шыдайды екен?

Кеткен соң бүйрек, бауыр тасқа айналып,
Қайтеді өздеріңнен қашпай халық?
Көрмейсің кісідегі жақсылықты,
Көздері бұлдыраған мастай болып.

Көргендей өмір бойы қорлық елден,
Қалайша кек пен дертке толды кеудең?
Сілікпең шыққан шайтан сілкігенде,
Ойпырай осыншалық сорлы ма еңдер?

Ойлаушы ем мұсылманды ірі ғой деп,
Құдайдың Өзі сүйген құлы ғой деп,
Ал сендер тойып алып кекіресің,
Етіңді бір-біріңнің тірідей жеп!

Әрбірің «данышпансың», «ғұламасың»!
Дәлелмен бір-біріңді ұра аласың.
Намазың нұрландармай дидарыңды,
Сұрланып жүрген күннен сұраласың!

Бір қисық ұстаз болса бүкіл қуға,
Шіреніп шеттеріңнен түкір суға!
Дауласу үшін білім үйренесің,
Басқаны «надансың!» деп тұқыртуға.

Көп рас түлкіміз де, қоянымыз.
Қонжықтай қалғи бермей, ояныңыз.
Үкідей үңілмейік кемшілікке,
Шалуға оқталмасын аяғымыз.

Қаймаққа тойдырғанмен қайран қарнын,
Қайырым, мейірімді ойға алған кім?
Кім айтар үмметі деп мына бізді,
Мінезі мінсіз болған Пайғамбардың?

Арамыз тұрған кезде әлі ашылмай,
Тату ек бір әкенің баласындай.
Иманға жаңа келген он жыл бұрын,
Имамға еркелеуші ем нағашымдай.

Күлімдеп бұрғанменен көпке бетін,
Уағызы ұрсуменен шектелетін,
Имамдар пайда болды мешіттерде,
Өзінің жамағатын жек көретін!

Көшіміз қонсын десек өңшең өрге,
Өзгеге кем пішпейік өлшегенде!
Сүйейік: «әр мұсылман - бауырым!» деп,
Жәннаттан үмітіміз болса егерде!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен

  • 0
  • 0

Ақиқаттан аулаққа алыстағасын,
Надан десем өлердей намыстанасың.
Саналы деп санаймын қалайша сені,
Алла ұсынған заңменен таныспағасын.

Толық

Келінге өсиет

  • 0
  • 0

Қарағым, алды екенсің тең құрбының,
Айтайын саған арнап елдің жырын.
Көп жылдар әке үйінде қонақ едің,
Мінеки өз үйіңе келдің бүгін.

Толық

Жеке шумақтар

  • 0
  • 0

Көңілі тәкәппардың - шырқау биік.
Сенімі бірақ оның - мылқау күйік.
Алдына Жаратқанның ақіретте,
Бармақшы сауап емес, сылтау жиып.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер