Өлең, жыр, ақындар

Қонақтың сөзі

  • 07.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1084
Иманғали Тасмағамбетовке

Бұл заманда қағаз, қалам тегін, беу,
Маған қалған бар шаруа —
ерінбеу,
яки мына уақытқа желінбеу.
Өлең жазу түк емес қой,
бұл деген —
Алматыны басқарудан жеңілдеу.
Зерделеші өлеңімнің формасын,
уа,
аздап артық туған жолдасым!
Мен —
оп-оңай ерімейтін қорғасын.
Мына тұста,
торғай болып шыр еттім,
бағзы таныс бұтақтарға қонғасын,
ана тұста,
дірілдедім тоңғасын.
Менсінбедім жұпары жоқ гүлдерді,
Қыздарға сәл өкпеледім,
ол да шын.
Ай,
қай жұрттың қабағына қарайын,
Алматыны басқармайтын болғасын.
Жұлдыздарды жатыр неге тонап түн?
Бұлттар жүдеу...
Көргендерім мол-ақ тым,
Ақтөбеден келіп қалған қонақпын.
Мынау — КазГУ мен оқыған,
оған шаң,
о, жолатқым келмейді ғой,
жолатқым...
Жел соққанда құрақ болып желпіндім,
Бұлақ болып көшелерде көп ақтым.
Енді, міне, жарысқұмар тай емес,
Шағын арба сүйреп жүрген тоқ атпын.
Бұл қаланы иегерлік шамам жоқ,
игере алман,
ұғыңыздар,
қонақпын.
Алматыны жөндеп бер деп зорлама,
Алматыны өңдеп бер деп зорлама,
Мен емеспін —
ел басқарғаш зор дана.
Көп шаруа, о, иесіз қалмай ма,
Мен жыр жазып отырғанда толғана,
Тәуір өлең жаза алсам ғой онда да...
Бұл қаланы менен де көп сүйетін —
Иманғали әкіміңіз,
сол ғана.
Біздің үлес —
сөз алу ғой қомдана,
Бұл Алматы —
сирек мөрлі жолдама.
Ай, інішек,
адал ұста бөлмеңді,
Тура жолдан адаспаңыз,
молда аға!
Қою бұлттар,
Алатауды торлама,
Суық желдер,
соқпа, уа, долдана!
Мен,
әрине,
ұшқан құспын алысқа,
Менің төрім —
өсімдігі мол дала.
Мол аспанды меншіктеген шорамын,
Жұлдыздармен жолдаспын
һәм жорамын.
Сонда да, уа, Алматыға қонамын,
Алматыға тілектеспін сонда да...

31 қаңтар 2008 жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Барыс-Келіс

  • 0
  • 0

Желе жортып үстімен әз даламның,
Алматыға...
ай, былтыр...
жазда бардым,

Толық

Күлдірген мен бүлдірген

  • 0
  • 0

Жайқалып тұр бүлдірген
Жағажайда көрікті.
Бүлдіргенді Күлдірген
Етегіне теріпті.

Толық

Бөпетайым

  • 0
  • 0

Бөпетайым іңгәлады,
Әлдилесем тыңдамады.
Емізгенде мамам келіп,
Ақ мамасын бөпем еміп,

Толық

Қарап көріңіз