Өлең, жыр, ақындар

Елімнің егесімін

Кемітпекші бұл шақта ұлтымды кім,
Тәуелсіздік ашты кеп түн түндігін.
Қайрат, білім бойымда тоғысулы,
Ешкімнен де кем емес мүмкіндігім.

Маңдайымнан сүйеді таңнан арай,
Алшаң басып келемін алға қарай.
Айналамның барлығы абат бақтай,
Дем бересің туған жер жанға қалай!?

Бал тамады сөйлесем бұл тілімнен,
Ұланымын тұғырлы түркінің мен.
Көк байрағын көтерген жалын жаспын
Айбынымды әлемнің жұрты білген.

Кеудеме шын толмасын неге сенім?
Бола бермен келісті, келешегім.
Талантымды саламын тынбай, талмай
Еселеуге тиіспін ел есебін.

Болашағым болмасын неге шырын?
Даңқым аспан жылдарға келесі мың.
Шырайы мен шырқына шын жауапты
Жалын жаспын, елімнің егесімін!

Нұргерім МАҚСҰТҰЛЫ



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар