Өлең, жыр, ақындар

Қараша. Қала

  • 29.01.2020
  • 0
  • 0
  • 1430
Қараша келді қатулы қырау қабағы,
Жылауық бұлттар бетіне бұлау қонады.
Жапырақтарға жынды жел жаназа оқып,
Жалаңаштады күз келіп мынау қаланы.
Қалдырғанымен қараша қаланы гүлсіз,
Қызғалдақтайын құлпырып барады бір қыз.
Сәуле сұрайды жұрттардан, тиын тіленбей,
Бұрышта тұрып бір бейбақ жанары нұрсыз.
Күреңіткен күзде көңілсіз күрсініп дала,
Жынды жел жұлды теректен бір шыбықты ана...
Көшелерінде күркілдеп көксау көліктер,
Тыныстайды әрең түтіннен тұншығып қала.
Қара қарға отыр басында жабығып талдың,
Жазын жоғалтқан бұл құстың жанын ұққан кім?!
Етекті тұтып еңіреп еңісті жапқан,
Көңілшек болып кетіпті бәрі бұлттардың.
Тас көшелерге тамшылар жаңбырдан тұнды,
Жоғалтты қала көгінде қаңғырған күнді.
Қолшатырлардың астында беймәлім бізге,
Теңселіп кетіп барады тағдырлар түрлі.
Түнере түсті түксиіп күздің қабағы,
Боз тұман басты тағы да біздің қаланы.
Жапырақтары тоналған жадау бақтағы,
Жасаурап отыр бейтаныс қыздың жанары.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біздің ауылдың жазғы кеші

  • 0
  • 0

Сәл ертерек намазшам уақыттан,
Құба белден табынды құлатып, паң...
Есек мінген Байнияз қартпен бірге,
Өрістен мал қайтады шұбатып шаң.

Толық

Жыл басына таласқан хайуанаттар

  • 0
  • 0

Қыс ақ тонын тастады,
Табиғат та түледі.
Қайта соға бастады,
Жер-Ананың жүрегі.

Толық

Ерден неге кешікті

  • 0
  • 0

Сабағынан келгенде,
Ақша беріп Ерденге.
Апасы оны жұмсады,
Кешіксе егер ұрысады.

Толық

Қарап көріңіз