Өлең, жыр, ақындар

Үйлену керек шығар...

Ойдан ойға батасың ойласаң көп,
Батып жүрмін қазір де ойға сан көп.
"Жұмыс қалай?" - деп сұрайтын таныстарым,
Сұрайтын болды қазір: "Той қашан? - деп.

Жас ұлғайып барады, күн дөңгелеп,
Бəрінен де жарыңды сүйген бөлек.
Тұрмысқа өзі кештеу шыққасын ба?
Анам жүр: "Əзірше, ұлым үйленбе! - деп

"Үйленбе! - деп, айта берсін анаң, мейлі,
"Кеш үйленсең кешіресің алаң күйді"
"Егер де, үйге келін алып келсең"
Əкем: "Бір несиені алам" - дейді

Бағымды ашар менің гүл қыз ғана,
Соны ойлаймын, жүрегім мың сыздана.
Үйленуді армандап, кезек күтіп,
Інім, байғұс, отырады үнсіз ғана.

Жазылмай жатып сезім зор кітабы,
Əйел жайлы айтып əркім толқытады.
"Сен мені жұмсағансың, мен жеңгемді
Жұмсаймын" - деп, қарындасым қорқытады

Кешіксем те, қалмаспын анық көштен,
Бұл сауалды шешеміз жарып, тескен.
"Жас маманның біреуін келін қылсай" -
Деген сөзді естимін əріптестен.

Үйленген де дұрыс шығар жас шағымда,
Өмір деген өтеді қас қағымда.
"Бірі үйлен, біреуі ерте əлі" - деп,
Ақылдарын айтады достарым да.

Бұйыртса қабылдаймын зор шешімді,
Тəңірім үйленетін берсе күнді.
Барлық адам үйлендіре алмай жүрген,
Əлемдегі жалғыз бойдақ мен секілді.

Қаламаймын жар таңдаудан жаңылғанды,
Иманды қыз болса екен, жарым мəңгі.
Керегені кеңейту үшін маған,
Табу керек болып тұр қабырғамды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар