Өлең, жыр, ақындар

Даналығыңнан үлгі алам

Еншідей болды бойыңа біткен мол дарын,
Әдебиетті де, мәдениетті де қолға алдың.
Ғұламалықтың өзіңнен көріп қайнарын,
Данышпан ата , басымды ие, таң қалдым.

Мұрадай қалған ізіңді елің жалғаған,
Сөздерің бар ма, ақылыдың уыты тамбаған.
Бағдаршам сынды өнегең , үлгі, өсиетің
Қара сөздерің ұрпағың үшін қалдырған.

Темірқазығым өзің бе деп-Ата, қаламын,
Жұртыңа сілтер жолыңның бағыт, бағдарын.
Қандай теңеу тақсам да, дөп келеді,
Қақ бөлердей дүние жалғандарын.

Даналығың, бір бөлек даралығың,
Білдірпедің айналаңның қаралығын.
Жан бітірер сәулелі сөздеріңмен ,
Әйгіледің қазақтың тазалығын.

Сан өнердің бойыңда ізі тұрды,
Саф алтындай қалдырдың ән мен жырды.
Алты алашты қаратар аузына ,
Абай ата , абыройың, биік құнды.

"Өлеңді теңеп сара сөз патшасына"
Ұғындырдың сол сөзді баршасына.
"Сөз түзелді" дегенмен қайран бабам,
Тыңдаушының жетті екен қаншасына.

Деп тілеймін"берсін әркім санасына"
Аз қызмет қылмадың ел баласына.
Риза ма екен "қалың ел, қайран жұртың"
Дәл өзіңдей біртуар данасына.

Сіз көрмеген заманды біздер көрдік,
Сіз аңсаған келді елге тегіс теңдік.
Көзін ашып сауаттанды жалпы жұртың,
Тәуелсіздік төріне мәңгі ендік.

Нақылың ата, тамсантар әлі талайды,
Қазағың сені көктегі Күнге балайды.
Даналығыңнан үлгі алам ойшыл , Ұлы атам,
Үлгі алып өтем, басқанша ақ түс самайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз